ТҮРКІСТАН: Мақтааралда құны 39 миллиард теңгені құрайтын канал салынып жатыр

0
1 071

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына ҚР-ның экология, геология және табиғи ресурстарды пайдалану вице-министрі​ Сергей Тромов келді.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда құны 39 миллиард теңгені құрайтын канал салынып жатыр

ҚР-ның экология, геология және табиғи ресурстарды пайдалану вице-министрі Сергей Тромов Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында құрылысы жүріп жатқан ПУИД-2 жобасының жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР-ның экология, геология және табиғи ресурстарды пайдалану вице-министрі Сергей Громов және ҚР-ның экология, геология және табиғи ресурстарды пайдалану министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Арман Тұрлыбек Түркістан облысы Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, жалпы құны 39 миллиард теңгені құрайтын ПУИД-2 жобасының жұмыс барысымен танысты.

Суармалы жер - мемлекетіміздің алтын қоры десек, ақ алтынымен танымал Мақтаарал ауданына қарасты 61 мың гектарға жуық егістік алқаптың барлығы да суармалы жер. Соңғы жылдары жер асты суларының тез көтерілуі жердің сорлануына алып барып, аудан шаруаларының мол өнім алуына кедергі келтіріп жүргені үлкен мәселеге айналған еді. Одан қалса коллекторлық жүйелердің тазаланбауы, каналдар мен арық-атыз бетондарының шіруі немесе мүлде болмауы - егістік алқаптарына су жеткізуді қиындата түсті. Міне, мәселені шешу үшін мемлекетіміз қыруар қаржы бөліп, бүгінгі таңда ПУИД-2 жобасы бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.

Мақтаарал ауданында ПУИД-2 жобасы жалпы 39796 гектар аумақты қамтып, 3 кезең бойынша жүргізілуде. Жоба аясында 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілетін болады.

Жобаның І кезеңі бойынша әзербайжандық "Акилик Груп" компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Компанияның директоры Илхам Мамедов мен жоба жетекшісі Павел Грасмик жалпы құрылыс жұмыстары 30 айға жоспарланғанын атап өтті.

І кезең аясында Еңбекші және Жаңажол ауылдық округтеріне қарасты ұзындығы 147,18 шақырымды құрайтын К-11, К-13, К-13А каналдары тармақтарымен бірге, 49 дана тік дренаж бен ұзындығы 191,6 шақырымды құрайтын су қашыртқылары күрделі жөндеуден өтетін болады. Сондай-ақ, аудан орталығы Мырзакент кентіндегі 4 дана тік дренаждарын жөндеу де қамтылмақшы. Жоба жүзеге асқанда Еңбекші ауылдық округінің 5350 гектары, Жаңажол ауылдық округінің 2650 гектары және Мырзакент кентінің 8000 гектар аумағы жер асты суларынан тазаратын болады.

Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 7,2 шақырымды құрайтын бірнеше каналдарда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, толықтай аяқталған. Сондай-ақ, дәл осы кезең аясында 44 бірлікті құрайтын желілік құрылғылар орнатылып, 16 дана бақылау ұңғымаларына да құрылыс жұмыстары жасалған. "Акилик Груп" компаниясының басшысы қазіргі уақытта ұзындығы 10,78 шақырымды құрайтын 6 каналда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Иіржар ауылдық округінің 7581 гектары, Бірлік ауылдық округінің 4575 гектары және Жамбыл ауылдық округінің 4291 гектар алқабын жер асты суларынан тазарту ІІ кезең бойынша іске асырылуда. Ол үшін ирандық "Туннель Саад Ариана" компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Компанияның директоры Бабак Новрузи мен жоба жетекшісі Голами Бехман жобаны іске асыру 36 айға жоспарланғанын тілге тиек етіп, вице-министр С.Громовқа жұмыс барысы жөнінде есеп берді.

Жалпы ІІ кезеңде 16447 гектар аумақтағы ұзындығы 337,35 шақырымды құрайтын К-16Б, К-18, К-18А каналдары тармақтарымен бірге, 100 дана тік дренаж және 262 шақырымды құрайтын су қашыртқылары күрделу жөндеуден өтетін болады.

Бүгінгі таңда ұзындығы 8,79 шақырымды құрайтын 7 дана каналда және 3 дана бақылау ұңғымасында құрылыс жұмыстары аяқталған. Ал, 2 дана тік дренажды ұңғымаларында бұрғылау жұмыстары жасалып, қазіргі уақытта 10 дана тік дренажға қажетті 389 дана жоғары кернеулі электр бағандарының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде екен. Сонымен қатар, 94,58 шақырымды құрайтын тік дренаждарға қызмет жасау жолдарының 19,84 шақырымында, жалпы ұзындығы 15,1 шақырымды құрайтын 11 каналда құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жасалып жатыр.

ПУИД-2 жобасының ІІІ кезеңі бойынша израйлдік "Тахал Консалтинг Инжиниринг" команиясы 307,928 шақырым каналды, 130,391 шақырым су қашыртқыларын күрделі жөндеуден өткізуді 36 айға жоспарлаған. Бүгінгі таңда К-22 каналының 2200 метр бөлігінде ескі плиталарын бұзужұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, К-22-20, К-22-8, К-22-9, К-22-10 каналдарында өсімдік қабаты қырқылып, көму жұмыстары жасалуда.

Айта кетейік, ПУИД-2 жобасының 3 бірдей кезеңімен танысып шыққан Сергей Громов жобаға жергілікті жерден жұмысшыларды көптеп тарту және жоғары жалақы берілу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін үнемі қадағалап тұру үшін аудан әкімі Бақыт Асановқа тапсырма берді.