ТҮРКІСТАН: Мақтааралда мерекеге орай өнер байқауы өтті

0
1 749

​21-мамыр Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің төл мерекесі күнінде Мақтаарал аудандық «Ақ Алтын» мәдениет үйінде ауданның өнер саласы қызметкерлерінің өнер байқауы болып өтті.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда мерекеге орай өнер байқауы өтті

Мерекелік шарада ауданның мәдениет және өнер саласының дамуына сүбелі үлесін қосқан мәдениет саласының қызметкерлері марапатталып, сый-сияпат көрсетілді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Мәдениет – ел айнасы» айдарымен өткен өнер додасына ауылдық округтерден түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдерінен құралған 7 команда қатысып, бақ сынасты.

Ұлттық мәдениеттің халықтың бет бейнесі екендігін паш ете отырып құндылықтарымызды насихаттау, жас таланттарға сахна өнерін игертіп, аға буын өнерпаздардан өнеге алуына жағдай жасау мақсатында өткен сайыс бекітілген ережеге сәйкес 5 бөлімнен тұрды.

Байқау барысында қатысушылар топты мен төсбелгілерін таныстырып, жанды дауыста ән салса, енді біреуі мың бұрала би биледі. Отбасында кездесетін қиындықтар жайында театрландырылған көріністер қойып, көпшіліктің көзіне жас үйірілдірді.

Ұлтқа, діни сенімі мен тіліне, жасы мен жынысына бөлінбей бірдей бағаланатын қасиетті өнер байқауында елдегі ауызбіршілік пен татулық дәріптеліп, аудан мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жандарға алғыс хаттар тапсырылды.

Көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлаған сайыс соңында жеңімпаздар мен қатысушылар ұйымдастырушылар тағайындаған дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.