ТҮРКІСТАН: Мақтааралда «STRIKE BALL» орталығы ашылды

0
1 962

Мақтааралдық жас жігіт алдағы уақытта көршілес Жетісай, Шардара, Келес және Сарыағаш аудандарынан да осындай орталықтарды ашуды жоспарлап отыр.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда «STRIKE BALL» орталығы ашылды

Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінде «Strike ball» орталығы ашылды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Мырзашөл топырағына таңсық әскери спорттық ойын орталығын ашқан Димаш Сайпидинов 1994 жылы Мақтаарал ауданында туылған. Орта мектепті бітірген соң әскерге барып, сонан соң келісім-шарт негізінде қызметке қалған. Әйтсе де, осыдан 1,5 жыл бұрын жол апатына ұшырап, екі аяғы да бірдей жансызданып қоларбаға таңылған. Мүмкіндігі шектелсе де тағдырдың қатал сынағына төтеп беріп, білімін жетілдіреді. Қазақ жастарын әскери өмірге қызықтыру, патриоттық тәрбие мен спорттық тұлғасын қалыптастыру мақсатында осыдан 8 ай бұрын осындай орталықты ашуды жоспарлайды. Інісі Марат екеуі қаржы жинап, «Strike ball» орталығына қажетті құрал-жабдықтарды Ресейден алдырады.

Аталмыш орталықтың ашылуына Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов пен аудандық мәслихат хатшысы Қадір Сәрсекбаев, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сүндет Кенжебаев пен Мақтаарал аграрлық колледжінің студенттері қатысты. Алғашқылардың бірі болып аудан әкімінің командасы мен колледж студенттерінің командасы өзара бақ сынасып, мықтыны анықтады.

«Димаштың мүмкіндігі шектеліп, қоларбаға таңылса да жігері мұқалмай, өңірімізде жоқ орталықты ашуы бізді қатты қуантты. Бұл орталықта жастарымыз әскери спорттық ойындарға қатысуы арқылы әскери өмірдің қыр-сырын, қаншалықты жауапкершілікті екенін ұғынуға мүмкіндік алады. Дене бітімдерін шыңдап, денсаулықтарын жақсартады. Әскери өмірге деген қызығушылықтары артады» деген аудан әкімі алдағы уақытта Димашқа жан-жақты қолдау көрсететіндігін айтады.

Ал, Димаш Сайпидиновтың өзі болашақта аталмыш орталықты көршілес Жетісай, Шардара, Келес және Сарыағаш аудандарынан да осындай орталықтарды ашуды жоспарлап отыр.

«Біздің орталыққа 16-18 жас аралығындағылар ата-аналарының қолхатымен, ал, 18 жастан асқандар жеке куәлігін көрсету арқылы тіркеуге алып, «Strike ball» әскери спорттық ойынына қатыса алады. Қатысушыларды бірнеше топқа бөліп, араларынан мықтыларын іріктеп аудандық команда құрамыз. Ол команда елімізде, алыс-жақын шет елдерде өтетін жарыстарда Мақтааралдың намысын қорғайтын болады. Аудандық құрама команданың жарыстарға барып-келу шығынын орталық өз мойынына алатын болады» дейді Димаш Сайпидинов.
Аталмыш орталықта әрбір ойын барысында қатысушыларға қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, арнайы нұсқаулықтар да беріліп отырады.