ТҮРКІСТАН: ​Мақтааралда жаңа мектеп пайдалануға берілді

0
1 775

Аталған мектеп Жамбыл ауылдық округі, Кеңесшіл ауылында бой көтерген.


ТҮРКІСТАН: ​Мақтааралда жаңа мектеп пайдалануға берілді

Мақтаарал ауданында жаңадан салынған 300 орындық Қ.Үкібаев атындағы мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.

"Тәуелсіз ел болғанына 28 жыл толған Қазақстан Республикасы білім саласына үлкен көңіл бөлуде. Мәселен, ауданымыздың бюджетінің 60-70%-ы білім саласына жұмсалуы - сөзіміздің дәлелі болмақ. Мердігер "Каз медео гранд", Техникалық қадағалаушы "Абил строй Инжиниринг", авторлық қадағалаушы "Строй проект инвентаризация" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне алғысымды айта отырып, жаңа жыл қарсаңында ашылып отырған жаңа мектеп баршаңызға құтты болсын деймін. Мектеп ұжымы осы ғимаратта аянбай еңбек етіп, еліміздің мақтанышы болатындай шәкірттер тәрбиелеп өсіре берсін!" - деді Бақыт Насырханұлы.

Жамбыл ауылдық округі, Кеңесшіл ауылындағы 300 орынға арналған Қ.Үкібаев атындағы мектептің құрылысына респбликалық бюджеттен 949 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалған. Құрылысы 2018 жылы басталған болатын.

Мектепте физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, мектептің спорт залы, тігін шеберханасы, асханасы да заманауи үлгіде жабдықталған. Жаңа ғимараттың арқасында ауыл оқушылары түрлі спорттық, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамыта алады.

Мектептің ішін аралап көрген аудан басшысы жылу жүйелерін бақылап, нысанның сапасын тексерді. Сондай-ақ, Б.Асанов мектеп ұжымымен сұхбаттасып, білім ұясының көрсеткіштерін жоғары деңгейге жеткізу керектігін баса айтты.

Айта кетейік, қазіргі таңда Мақтаарал ауданында тағы 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр.