ТҮРКІСТАН: Мақтааралдағы әр үйдің құрылысы онлайн бақылауда болады

0
794

Арнайы орталық бақылайды.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдағы әр үйдің құрылысы онлайн бақылауда болады

Су апатынан зардап шеккен Мақтааралдағы жаңа үйлердің құрылысы қатаң бақылауда болады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен су апатынан зардап шеккен тұрғындарға үй салынып жатқан Мақтаарал ауданында болды. Іссапар барысында өңір басшысы ондағы құрылыс жұмыстарын жылдамдату бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұнда мобильді топ құрылып, әр үйдің құрылыс барысы арнайы орталық тарапынан онлайн бақылауда болады. Осы жүйе арқылы туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал жасауға мүмкіндік мол болмақ.

Атап өтсек, қызу құрылыс жүріп жатқан елді мекендер бірнеше секторға бөлініп, жауапты аудандар бекітілген еді. Нақтырақ айтсақ, Келес ауданы әкімдігі Фирдауси ауылы, Жетісай ауданы Өргебас ауылындағы құрылыс жұмыстарының сапалы әрі жылдам жүргізілуіне жауапты.

Айта кетейік, ақ алтынның отаны атанған ауданның бірнеше ауылы су апатынан кейін ауқымды құрылыс алаңына айналған еді. Бүгінде біршама үйлердің құрылысы толық аяқталса, бірінің шатыры жабылып, енді бірінің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.