ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық балалар лагерде демалып қайтты

0
801

Балаларға қажетті түрлі гуманитарлық көмектерді еріктілер жеткізіп берген.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық балалар лагерде демалып қайтты

Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен мектеп жасындағы балаларға арналған 10 күндік лагерь аяқталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мақтаарал ауданы Бірлік ауылдық округі Қоңырат елді мекеніндегі "Еркежан" жазғы сауықтыру лагерінде су апатынан зардап шеккен отбасылардан 55 бала демалды. Мұнда балалардың қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, республикалық деңгейдегі ерікті психологтар мен мамандар дәріс өтті. Сондай-ақ, лагерде түнгі кезекшілік ұйымдастырылып, электр, өрт, жолда жүру, бассейнге шомылу, спорт алаңындарындағы қауіпсіздік туралы нұсқаулықтар таныстырылған.

Сонымен қатар, емдеу-профилактикалық, сауықтыру іс-шараларын жүргізу мақсатында ас мәзірі мен дайындау сапасы қатаң тексеріліп, оқушыларға 5 мезгіл тамақ берілген. Ал, балалардың келіп-кеткендегі салмағы мен бойын өлшеу, денсаулығын қадағалап отыру, сырқаттанған жағдайда алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін медбикелер қызмет етті. Балалардың дене бітімін дұрыс жетілдіру мақсатында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылып, карантин жағдайындағы гигиеналық талаптар толықтай сақталған.

Одан бөлек, демалушы балалардың ақыл-ой, сана-сезімін жетілдіру бойынша да түрлі әдеби-сазды кештер, мәдени іс-шаралар, танымдық ойындар, байқаулар мен сайыстар өткізіліп, бойын сергіту үшін таза ауада арнайы серуендер және би кештері ұйымдастырылған.

Айта кетейік, "Ізгілікке жарысайық", "Нұршуақ", "Қарекет", "Асса", "Шымкенттің волонтерлары", "Блогодарю", "Мейірім" қайырымдылық қорлары мен ұжымдары және түрлі өңірлерден келген еріктілер балалардың көңіл-күйлерінің жоғары болуына атсалысып, іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне қолғабыс жасады. Сонымен қатар, балаларға қажетті түрлі гуманитарлық көмектерді де жеткізіп берген.