ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық кәсіпкерлердің жұмысы қарқынды

0
1 493

Облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиев Мақтааралдың кәсіпкерлік нысандарымен танысты


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық кәсіпкерлердің жұмысы қарқынды

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ең алдымен М.Иябайұлы аудан орталығы Мырзакент кентіндегі "Мырзакент" мақта өңдеу зауытына барды. Ермахан Жабуовтың басшылығындағы өндіріс ошағының жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайды. Мақта шикізатын талшыққа, шитке, линтке және улюгке бөліп шығаратын зауыттың жылдық қуаттылығы 60 мың тоннаға дейін жетеді. Қазіргі таңда 521 адам дәл осы кәсіпорында жұмыспен қамтылған.

Облыс әкімі орынбасарының келесі аялдаған жері - Бірлік ауылдық округіндегі "Қоңырат" машина-трактор станциясы. Ағымдағы жылдың наурыз айында мұнда тракторлардың тіркемесін жасап шығаратын "Тіркеме 2ПТСХ-10-45" атты жоба іске қосылған. Соның арқасында 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жоба аясында орнатылған 3D қондырғыларда қажетті торлы сымдар мен қаңылтыр жасап шығарылып, көлемі 8 тоннадан аса жүк сиятын трактор тіркемелері құрастырылуда. Жылына 60 данаға дейін трактор тіркемелерін жасап шығара алады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қажетті соқа, тырма сияқты т.б. техникаларға қажетті қосалқы бөлшектерді жасау мүмкіншіліктері бар. Жалпы қазіргі таңда "Қоңырат" машина-трактор станциясында 47 адам жұмыс істейді.

Мұнан соң М.Мырзалиев Атакент кентіндегі "Алтын сарай" демалыс кешенінде болды. Құны 100 млн. теңгені құрайтын нысанда аудан тұрғындары мен қонақтары қонақ үй, мейрамхана, бассейн қызметін бір уақытта пайдалана алады.

Қонақ үй кешені 2 қабаттан тұрады. Бірінші қабатында 40-50 адамға арналған банкет өткізетін зал мен қонақ күтетін бөлмелер, ал екінші қабатында стандартты, люкс санатындағы жатын бөлмелер орналасқан.

Жалпы демалыс кешенінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бассейнде бір уақытта 100 адам шомыла алады. Үлкендерге және балаларға арналған 2 бөліктен тұрады. Сондай-ақ, жазғы шатыр астындағы орындарда 150 адам мейрамхана қызметін пайдаланып, "Еуропа" мен "Азия" елдерінің ең таңдаулы асханаларынан дәм тата алады.

Облыс әкімі орынбасарының соңғы аялдаған жері - Мақтаарал ауданының инудстриалды аймағы. Мұнда жалпы құны 450 млн. теңгені құрайтын "Береке-ММА" мақта талшығын терең өңдеу зауыты мақта терім науқанына қызу дайындық жасап жатыр. 80 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 20 мың тоннаға жетеді.

Мұнан бөлек, индустриалды аймақта Германиядан әкелінген технологиямен жабдықталған "Soldatos" ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты жұмыс жасап жатыр. Греция мемлекетінің инвестициясы арқасында Алзақ Шынтаевтың басшылығындағы өндіріс орны тәулігіне 1000 тонна асфальт-бетон өнімдерін өндіре алады. Құны 300 миллион теңгені құрайтын зауыт 30 адамды жұмыспен қамтып отыр.