ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық ұстаздар құрметке бөленді

0
2 102

Мақтаарал ауданындағы 56 мектепте 4 мыңға жуық ұстаз 27 мыңнан астам шәкіртке білім береді.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдық ұстаздар құрметке бөленді

Мақтаарал ауданында Ұстаздар күніне арналған "Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік" атты мерекелік іс-шарасында ардагер ұстаздар, білім беру саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мектептің басты тұлғасы, жүрегі - мұғалім. Егемен еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды, парасатты азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екені белгілі. Айтулы іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, мерекемен ұстаздар қауымын құттықтады.

"Сіздерді Ұстаздар күні мерекесімен және білім қызметкерлерінің кәсіподағы күнімен аудан жұртшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын! Білім ордасы – мектеп жас ұрпақты тәрбиелейтін киелі де қасиетті мекен. Ал, сол мектептің негізгі тірегі – білімді де, білікті ұстаз. Заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, дүбірлі білім жарыстарында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығару Сіздердің ерен еңбектеріңіздің жемісі" - деді Бақыт Насырханұлы.

Ұстаздардың төл мерекесінде болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп келе жатқан бір топ мұғалімдер ҚР Білім және ғылым министрілігінің, облыстық білім басқармасының, аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Серікбаев: "Ұстаздар күні жалпы ұстаздарымызға, ардагерлерімізге, педагогикалық мамандықты таңдаған жалпы халыққа бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын дейміз. Елдің, халықтың абыройына бөлене беріңіздер. Еліміздің болашақтарын жетілдіріп, еңбек етуден ешқашан тайынбаңыздар" - деді.

Мерекелік жиында балабақша бүлдіршіндері мен мектептердің өнерлі оқушылары концерттік бағдарламаларын қойып, ұстаздарға деген құрметтерін көрсетті. Сондай-ақ, аудан басшылары мен қалың көрермен орындарынан тұрып, ұстаздарға қошеметтерін көрсетті.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы 56 мектепте 27 мыңнан аса шәкірт білім алады. Оларды тәрбиелеп, білім беру ісіне 4 мыңға жуық ұстаздар қауымы ат салысуда.