ТҮРКІСТАН: Мақтааралдың бас қақпасы пайдалануға берілді

0
3 090

Ауданның бас қақпасының ені – 20,5 метр, биіктігі – 12 метр.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралдың бас қақпасы пайдалануға берілді

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Мақтаарал ауданының кіреберісінде жаңадан бой көтерген алып қақпа пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Бақыт Асанов пен ауданның белсенді ардагерлері қатысып, ресми түрде лентасын қиды.

Құрметті жерлестер! Бүгін мақталы Мақтаарал ауданының кіреберіс қақпасының құрылысы аяқталып, оны ресми түрде пайдалануға беріп отырмыз. Тарихи деректерге сүйенсек, Түркістан маңындағы бұрынғы Қарнақ қаласын "Қырық қақпалы Қарашық" деп атаған екен. 19 ғасырда Сайрам кентін көрген орыс саяхатшылары төрт қақпасы бар екенін жазыпты. Қалалар мен елді мекендердің кіріс-шығыс жолдарында биік қақпа салудың үлгілері республикамыздың жер-жерінде сақталған. Мәселен, Тараз, Түркістан қалаларының қақпаларын айтуға болады. Міне, бүгін жаңа жыл қарсаңында жаңадан ашылып отырған мақталы өлкенің қақпасы ауданымыздың ажарын ашып, бет-бейнесіне айналатынына сенім білдіремін. Мақталы Мақтааралымыз - қақпалы Мақтааралға айналып отыр! - деді Бақыт Асанов.

6.jpg

Жиын барысында құрбандық шалынып, аудан үшін тер төгіп, еңбек еткен азаматтардың рухына құран бағышталды. Айта кету керек, қақпаның архитектуралық жобасын "МПК-ПРОЕКТ" ЖШС жасаса, мердігер "Корпорация АҚ ордасы" ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізген.

Жобаны жүзеге асыруға 3 ай уақыт кетіп, 45 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалған. Нысанның аумағы 42,50 метр квадратты құрап, айналасы толықтай абаттандырылған. Атап айтқанда, орындықтар орнатылып, шыршалар егіліп, жарықтандыру жұмыстары жасалған.

23.jpg

Ауданның бас қақпасының ені – 20,5 метр, биіктігі – 12 метр.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан орталығы Мырзакент кентінің батыс және солтүстік қақпалары бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар, демеушілер есебінен Атакент кенті мен 9 ауылдық округтің де қақпалары жаңартылды.

Аудан әкімінің бастамасымен ауданның кіреберіс қақпасынан бастап Атакент пен Мырзакент кенттерін, М-39 "Ташкент-Термез" бағытындағы "Сапар", "Достық" базарларының маңын абаттандыру, көркейту, көгалдандыру үшін тиісті қаржылар бөлініп, қазіргі таңда қызу жұмыстар жасалып жатыр.