ТҮРКІСТАН: Мәжілісмен Жетісайдағы құрылыс алаңдарын аралады

0
793

Мектеп салу ісінде қолбайлау болған мәселелерді мәжілісте талқылайтынын айтты.


ТҮРКІСТАН: Мәжілісмен Жетісайдағы құрылыс алаңдарын аралады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы Жетісай ауданында іс-сапармен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Білім және ғылымды дамыту жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңестің төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Nur Otan" партиясы фракциясының мүшесі Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызы Жетісай ауданында іс-сапармен келді. Бірқатар нысандарда болды. Шараға аудан басшысы Мұрат Болатұлы, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары қатысты. Сапар барысында халық қалаулысы аудандағы шешімін таппай жүрген Жетісай ауданы, Жетісай қаласындағы Дайрашев көшесі бойында орналасқан «Тұран» мектеп-гимназиязысы мен «Ш.Уәлиханов» атындағы №2 жалпы орта мектептерінің құрылыстарымен танысты.


Жетісай қаласы Дайрашев көшесі бойындағы 300 орындық Тұран мектеп-гимназиясының құрылысы нысанының құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме «АСАД-Құрылыс» ЖШС.Нысан құрылысының конкурстық құны 1 237 787 мың теңгені құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 басталып, тапсырыс беруші «Жетісай ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі» ММ болған уақыттарда 325 409 мың теңге қаржысы игерілген.


2021 жылдан бастап нысан құрылысына құрылыс басқармасы тапсырысшы болып табылады. Алайда, мердігер мекеме «АСАД-Құрылыс» ЖШС-не құрылыс жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбей, өндірістік кестеден артта қалғаны үшін 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. 2021 жылға құрылыс жұмыстарына бюджеттен 112 378 мың теңге қаржысы қаралып, нысанды жоспар бойынша 2022 жылы пайдалануға тапсыру көзделіп отыр. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын жандандыруды тапсырған мәжілісмен «Ш.Уәлиханов» атындағы №2 жалпы орта мектебі ғимаратының құрылыс алаңында да болды.


Аумағы 4552,1 шаршы метр жерді алатын мектеп құрылысы 2019 жылы басталып, 2022 жылы аяқталуы жоспарланған. Алайда, әлемдегі эпидахуалға байланысты мердігер бекітілген кестеден кешіккен. Жетісай ауданының Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев жалпы құны 1221,851 млн теңгені құрайтын мектептің құрылысы мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.


Мемлекеттік қазынадан қаралған қаржының әрбір тиынын мақсатты жұмсап, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінің қатаң бақылауға алынуын тапсырған Жұлдыз Досбергенқызы мектеп салу ісінде қолбайлау болған мәселелерді мәжілісте талқылайтынын айтты.