ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық өнімнің экспорты артты

0
1 004

Негізгі шикізаттық емес экспортталатын тауарлар бұл - уран, ұн, трансформаторлар мен балық өнімдері және күркетауық еті.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық өнімнің экспорты артты

Түркістан облысында сыртқы сауда экспорты тоқтаған жоқ. Керісінше қолдау тауып, қарқынды жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Отандық тауар өндірушілердің экспортын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Облыста инвесторлар мен экспорттаушыларға "бір терезе" қағидаты бойынша қызметтердің кең түрін ұсынатын "Turkiston Invest" қызмет көрсету орталығы құрылған.

"Turkiston Invest" орталығының көмегіне жүгінуші кәсіпкерлердің қатары да көбейген. Мәселен, "Turkiston Invest" көмегімен көлік қызметтеріне, шетелдік көрмелерге қатысуға және тауарды шетелде жарнамалауға жұмсалған шығындарды өтеу үшін "QazIndustry "СОО" АҚ - на Түркістан облысының 18 экспорттаушы компаниясы өтінім берді. Оның ішінде өткен жылы іске қосылған "CG Corp Global" ЖШС бар. Жылына 400 мың тез дайындалатын кеспе шығаратын зауыт өнімі бүгінде ішкі және сыртқы нарықта да сұранысқа ие. Сонымен қатар, былтыр Қазақстан мен Қытай арасында сүт өнімдерін экспорттау бойынша келісім жасалған болатын. Нәтижесінде "Golden Camel Group" зауыты ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Қытайға 30 тонна құрғақ түйе сүтін экспорттады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 33 мың тоннаны құрайды және өнім толығымен экспортқа сай.


Ал, таяуда Өзбекстан Республикасы, Ургенч қаласында өткен "агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы өңірлік бизнестің ынтымақтастығы" ІІ аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы кәсіпорындары арасында жалпы сомасы 50 млн. АҚШ долларын құрайтын 3 экспорттық келісімге қол қойылды.

Өңірде сондай-ақ экспортқа бағдарланған "Standard Petroleum" ЖШС мұнай өңдеу зауыты бой көтереді. Жаңа зауыт Түркістан облысы Ордабасы ауданында 2021 жылы іске қосылмақ. Экспорт көлемі жылына 2 млн ақш долларын құрайды деп күтілуде. Жоба ясында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы құны 95 млрд. теңгені құрайды.

Жалпы 2020-2021 жылдары өңірде экспортқа бағытталған 4 кәсіпорынды іске қосу көзделген. Олардың ішінде "Тұлпар Май" ЖШС (мақта майын өндіру, жобаның қуаты жылына 6 600 тонна, инвестиция сомасы 3,4 млрд.теңге), "JID&COM" ЖШС (бақша және жеміс-жидек өнімдерін терең өңдеу зауыты, жобаның қуаты жылына 400 тонна, инвестиция сомасы 0,2 млрд. теңге), "Ecoinvest" ЖШС (ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, жобаның қуаты жылына 16 мың тонна, инвестиция сомасы 6,8 млрд. теңге), сондай-ақ "Standart Petroleum & Co" ЖШС (көмір-химия комбинатын өндіру, жобаның инвестиция сомасы 24 млрд. теңге) бар.

Айта кету керек, 2020 жылдың қаңтар-ақпанында Түркістан облысының экспорт көлемі 54,9 млн. АҚШ долларын (оның ішінде шикізаттық емес экспорт - 15 млн. АҚШ) құрады.