ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қызметке орналасу конкурсын өткізу мерзімі қысқарды

0
915

Жалпы конкурстарға қатысу тәртібі де жеңілдетілген.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қызметке орналасу конкурсын өткізу мерзімі қысқарды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазір барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында өтетін ішкі конкурс жалпы конкурспен біріктіріліп, мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурс өткізу мерзімі 30%-ға қысқартылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұған дейін мемлекеттік органдар конкурстардың үш түрін жүйелі түрде өткізіп келген болатын. Аталған жаңа бастама бос орындарды уақытты үнемді пайдалану арқылы жылдам түрде толтыруға өз септігін тигізеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Айбек Шілманов мәлімдеді.

Сонымен қатар, Департамент басшысының мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметшілердің жалпы конкурстарға қатысу тәртібі де жеңілдетілген.

«Қазіргі таңда Түркістан облысында 6583 мемлекеттік қызметші жұмыс істесе, бос лауазымдар саны 440-ты құрайды. Мемлекеттік қызметшілер енді жалпы конкурстарға жалпы негізде емес, ішкі конкурсқа ұқсас жеңілдетілген тәртіп бойынша қатысады. Бұл ретте, конкурссыз тағайындалатын мемлекеттік орган бірінші басшыларының көмекшілері, кеңесшілері, баспасөз хатшылары тестілеуден жəне жеке қасиеттерін бағалаудан өткен жағдайда осы лауазымға орналасқаннан кейін бір жыл өткен соң ғана ішкі конкурсқа қатысуға жіберіледі», - деді Айбек Ақбергенұлы.