ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мерекелік жиын өтті

0
340

Түркістанды дамытуға үлес қосып жүрген қызметшілерге сый-құрмет көрсетті.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мерекелік жиын өтті

Түркістан өңірінің мемлекеттік қызметшілері өз әріптестеріне рухани мерекелік кеш сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістандағы «Ақжайық» музыка мектебінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мерекелік жиын өтті. Салтанатты іс-шарада Түркістан облысы әкімінің міндетін атқарушы Арман Жетпісбай өңірдің мемлекеттік қызметшілерін кәсіби мерекемен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.


Мемлекеттік қызметшілерге артылған жүк ауыр екеніне тоқталған Арман Шәріпбайұлы Түркістанды дамытуға үлес қосып жүрген әріптестерінің еңбегін жоғары бағалап, сый-құрмет көрсетті. Екі азаматқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін тапсырса, бірнеше мемлекеттік қызметшіге облыс әкімінің Грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды.


ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Өркен Балажанов та бір топ қызметкерді департаменттің Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен бірге «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалы да өз марапаттарын ұсынды.


Бұл мерекелік кештің ерекшелігі – концерттік бағдарламаны кәсіби өнерпаздар емес, мемлекеттік қызметшілер әзірледі. Басқарма басшылары, бас мамандар мен мамандар өнерлерін көрсетті. Рухани кеште қазақ композиторларының танымал әндері шырқалып, ақындарының өлеңдері оқылды. «Мемлекеттік қызметкер – бала көзімен» атты эсселер де жұртшылық назарына ұсынылды. Кәсіби мерекені мазмұнды етуге бар күштерін салған Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері өнерге бай, рухани әлеуеттері жоғары екендігін дәлелдей білді. Кеш соңында ең үздік өнер көрсеткен басқарма қызметкерлеріне арнайы құрмет көрсетілді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов өнерімен дараланған үздік қызметшілерді, басқарма өкілдерін марапаттады.