ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік рәміздер ұлықталды

0
376

Көк туды желбіреткен Түркістан жұртшылығы Әнұранды тебірене шырқады.


ТҮРКІСТАН: Мемлекеттік рәміздер ұлықталды

Түркістанда мемлекеттік рәміздер ұлықталып, рухты оятатын іс-шаралар өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Рәміздер алаңында» 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған қорытынды іс-шара өтті. Жүздеген адам жиналып, отаншылдықты дәріптеп, рәміздерді насихаттауға үлес қосты. Таңертең жүгіру марафонынан басталған мереке концерттік әрі рухани бағдарламаға ұласты. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, Мемлекеттік Туы көтерілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұртшылықты мерекемен құттықтады.


«Сіздерді 4 маусым – Мемлекеттік рəміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1992 жылы, 4 маусымда еліміздің мемлекеттік рәміздері бекітілді. Халықаралық деңгейде мойындалды. Спортшыларымыз жеңіске жеткен сәттерді де Мемлекеттік ту желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің белгісі және ажырамас бөлігі. Еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бүкіл әлемге танытатын құндылықтар. Тәуелсіздікті сақтау, қадір-қасиетіне жету Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуден басталады. Түркістан өңірінде де рәміздерін айрықша қадірлейтін отаншыл жастар өсіп келеді. Әр азамат ұлттық құндылықтарға адал болып, мемлекеттің дамуына үлес қосуы тиіс. Көк туымыз бейбітшілік аспанында мәңгі желбіресін! Еліміз аман, мемлекетіміз қуатты болсын!», – деді Дархан Сатыбалды.


Салтанатты жиында осы мерекеге арнайы өткізілген жүгіру марафонының жеңімпаздары марапатталды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілер Отанға адал қызмет етуге ант берді. Облысқа және республикаға танымал әншілер отаншылдыққа шақыратын әндер шырқады. Мерекелік жиын Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды. Қолдарына Көк Туды желбіреткен Түркістан жұртшылығы айтулы мерекені жоғары деңгейде атап өтті.


Осы күні Түркістан қаласында және аудан, қалаларда велошерулер, автошерулер, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Көк туды желбіреткен Түркістан жұртшылығы Әнұранды тебірене шырқады.