ТҮРКІСТАН: Мырзакент жастары Наурыз-думанда күш сынасты

0
2 139


ТҮРКІСТАН: Мырзакент жастары Наурыз-думанда күш сынасты

Мырзакент кентінде өткен Наурыз-думан салтанатты мерекелік ашылудан соң жұртшылық мереке қонақтары кент қолөнершілерінің ұйымдастырған көрмелерін аралап, мерекелік наурыз дастархандарынан дәм татты. Әр мекеме киіз үй тігіп, дастархан мәзірінен сайысқа түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Ұлт пен ұрпақ тәрбиесіне етене араласып, қоғамдық істерге белсене араласып жүрген ауыл ақсақалдары мен әжелер қауымы мерекенің мән-маңызы жайында жастарға өнегелі әңгімелерін айтса, түрлі ұлт өкілдері өздерінің ұлттық билерін ұсынып, елдегі татулықтың нышанын білдірсе, жас қыз-келіншектер қауымы құрақ тігу, бауырсақ пісіру сынды ұлттық нақыштағы сайыстарға қатысты. Ал, халық ауыз әдебиетінің кейіпкерлері өздерінің әзіл-қалжыңдарымен көпшілікке күлкі сыйлады.

Мұнан да басқа мереке аясында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен арқан тартыс, қошқар көтеру, күрес сынды ұлттық спорттық ойындармен қатар ауданның алыптары анықталды.

Білекті жігіттер арасында өткен «Алып адам» сайысында жігіттер 90 келілік зілтемір мен су құйылған 90 келілік ыдыстарды көтерісіп, өзара бақ сынасты.

Жарыс соңында жеңіске жеткен спортшылар ұйымдастырушылар тағайындаған бағалы сыйлықтармен, арнайы дипломдармен марапатталды.