ТҮРКІСТАН: Нәрестесін сүлгіге орап көшеге тастап кеткен ана айыппұл төлейтін болды

0
1 165

Ол соттан жеңіл жаза тағайындауды сұраған.


ТҮРКІСТАН: Нәрестесін сүлгіге орап көшеге тастап кеткен ана айыппұл төлейтін болды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысы Сайрам ауданында жаңа туған нәрестесін көшеге тастап кеткен көкек анаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Сайрам аудандық сотында жаңа туған шарананы шырылдатып жаяу жүргінші жолына қалдырып кеткен анаға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот барысында анықталғаны, осы жылдың тамыз айында Сайрам ауданы Ақсукент ауылында жергілікті тұрғын Х. айы-күні жетіп толғағы басталған кезде босану үшін қонақ үйден бөлме жалдаған. Бойжеткеннің жүкті екендігінен туыстары бейхабар болған. Туған-туысынан қорыққан жас босанған ана күндізгі сағат 10.00 шамасында нәрестесін сүлгіге орап ап Ақсукент көшелерінің біріне жолдың бойына қалдырып кеткен.

Сот отырысында сотталушы Х. 2019 жылдан бері бір жігітпен көңіл қосқанын, аяғының ауыр екенін білгенде азаматы теріс айналғанын айтты. Өз кінәсін толық мойындап шын жүректен өкінетіндігін айтқан көкек ана соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Сайрам аудандық сотының үкімімен жаңа туған нәрестесін сүлгіге орап көшеге тастап кеткен ана айыппұл төлейтін болды.

"Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 119-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін сотталушы Х-ны кінәлі деп танып, оған осы баппен 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды", - деп мәлімдеді Сайрам аудандық сотының баспасөз қызметі.