ТҮРКІСТАН: Облыстық маңызы бар жолдардың қыстағы күйі бақылауда болады

0
898

Барлық жылыту бекеттерін жылы күйде ұстау мақсатында кезекші қойылып, 60 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілген.


ТҮРКІСТАН: Облыстық маңызы бар жолдардың қыстағы күйі бақылауда болады

Түркістан облысындағы жолдарды күтіп ұстау жүйелі түрде жүргізіледі, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысындағы облыстық маңыздағы жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстауға облыстық бюджеттен 69 млн. теңге қаржы қаралған. Жолды күтіп ұстауға 354 жұмысшы мен 124 бірлік техниканы жұмылдыру жоспарланған. Бұл туралы Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Шерзат Сүттібаев Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

Сонымен қатар, қыс мезгілінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шұғыл әрекеттерді жасауға жол мекемелерімен жедел хабарландыру сызбасы бекітілген.

«Жолдарының жай-күйін күнделікті бақылау және төтенше жағдайлар департаметімен дер кезінде ақпарат алмасу үшін тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 4 жылыту бекеті орналасқан. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында, облыстық маңызы бар «Қошқарата-Жарықбас-Бірлік» автомобиль жолының 28-ші шақырымында «Шыбықбел» және «Ұланбел-Созақ-Шаян-Екпінді» автомобиль жолының 605-ші шақырымында «Одаманбұлақ» жылыту бекеттері бар», - деді Шерзат Анарқұлұлы.

Сондай-ақ, Созақ ауданында «Жамбыл обл. Шекарасы-Құмкент-Шолаққорған-Кентау» автомобиль жолының 63-ші шақырымында, «Ащысай» және «Ұланбел-Созақ-Шаян-Екпінді» автомобиль жолының 593-ші шақырымында «Таскөмірсай» жылыту бекеттері ораналасқан. Барлық жылыту бекеттерін жылы күйде ұстау мақсатында кезекші қойылып, 60 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілген.