ТҮРКІСТАН облысы: 600 орындық мектеп ел игілігіне берілді

0
2 897

Бұған дейін де “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданы, Жаңа жол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекенінде құны 1 067 867 мың теңгені құрайтын 600 орындық “Фирдоуси” атындағы жалпы орта мектебі пайдалануға берілген болатын.


ТҮРКІСТАН облысы:  600 орындық мектеп ел игілігіне берілді

Мақтаарал ауданында Елбасының “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 600 орындық мектеп жаңа жыл қарсаңында ел игілігіне тапсырылды. Бұл аталмыш бағдарламамен салынған аудандағы екінші білім ұясы, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Елбасының “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданы, Иіржар ауылдық округіне қарасты Дихан елді мекеніндегі құны 1 107 277 мың теңгені құрайтын 600 орындық “Қажымұқан” атындағы жалпы орта мектебі жаңа жыл қарсаңында ел игілігіне тапсырылды. Өткен жылдың қазанында бастау алған мектептің құрылыс жұмыстары бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп, құрылыс сапасын арттыру мақсатында толықтай отандық өнімдер пайдаланылған. Құрылыс алаңында еңбек еткен мамандардың да басым бөлігі жергілікті тұрғындардан іріктеліп, күндіз-түні екі ауысымда еңбек еткен “КорпорацияСитиСтрой” құрылыс компаниясы басшылары уақытқа емес, сапаға жұмыс істегендіктерін айтады.

Аталмыш нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов жұртшылықты келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
“Өткен жыл біз үшін табысты жыл болды, өткен жылға өкпеміз жоқ. 2018-жылы Елордамыздың 20жылдығын, Тәуелсіздігіміздің 27 жылдығын жоғары деңгейде атап өттік. Елбасымыздың бізге деген қамқорлығының арқасында Мақтаарал ауданымыздың тарихи атауы қайтарып берілді. Келер жылдан да күтеріміз мол. Жаңа жыл отбасыларыңызға бақ-береке әкелсін! Жаңа мектептің ашылуы құтты болсын”, деді Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Насырханұлы.

Айта кетейік, бұған дейін де “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданы, Жаңа жол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси елді мекенінде құны 1 067 867 мың теңгені құрайтын 600 орындық “Фирдоуси” атындағы жалпы орта мектебі пайдалануға берілген болатын.