Түркістан облысы түркиялық кәсіпкерлермен келіссөз жасады

0
1 280

Жансейіт Түймебаевтің түрік кәсіпкері Джемалеттин Шекермен кездесті


Түркістан облысы түркиялық кәсіпкерлермен келіссөз жасады

ERNUR.KZ. Түркістан облысындағы жылыжайлардың дамуына түркиялық кәсіпкерлер атсалысады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысындағы жылыжайлардың дамуына Түрік кәсіпкерлері атсалысатын болады. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтің түрік кәсіпкері Джемалеттин Шекермен кездесуінде белгілі болды.

Атап айтсақ, түркиялық Dal Holding Investment CO. компаниясы жетекшісінің Қазақстандағы орынбасары және бас кеңесшісі болып табылатын Д.Шекермен жүздесуде облыс аймағында, оның ішінде, Түркістан мен Кентау қалаларында құрамдастырылған жылыжай кешенін салу жобасы сөз болып, оны жүзеге асыру жайы айтылды. 200 гектардан астам жерде жылыжай шаруашылығын дамытып, онда өсірілген өнімнің 80 пайызын экспортқа шығаруды жоспарлап қойған инвесторлар қалған көкөністерді ішкі нарықта саудалауды ойлап отыр.

Сондай-ақ, шетелдік компанияның еліміздегі өкілінің таныстырылымын мұқият тыңдаған аймақ басшысы облыстағы жауапты сала басшыларына тиісті қолдауларды көрсетуді тапсырды. Әсіресе, Жансейіт Қансейітұлы жылыжай кешенін салушылардың көгілдір отын, электр қуаты сынды қажеттіліктерінің тарифін қымбаттатпай, оңтайлы шешіп беруді жүктеді.

Сонымен қатар, түркиялық Dal Holding Investment CO. компаниясы негізін 1985 жылы Ыстамбұлда қалаған. Дүние жүзі бойынша 2 мыңнан астам қызметкері бар алдыңғы қатарлы инженерлік және өнеркәсіптік топқа жататын серіктестік жоғары тауар айналымымен және үлесімен ерекшеленеді. Компания жоғары технологиялық өнеркәсіптік қондырғыларды жобалау, өндіру және монтаждау сынды жұмыстармен айналысады. Сонымен бірге, өнеркәсіпке қажетті кез келген құрылғыны орнатып береді. Холдинг жұмысын бастаған 33 жыл ішінде цемент, тау-кен өндіру, электромотор саласы, автоматизация, машина жасау және энергетика салаларында айтарлықтай жетістіктерге жеткен.

Айта кету керек, Түркістан облысында бүгінгі таңда 1250 гектардан астам жылыжайлар бар. Оның 50 пайызынан көбі Сарыағаш ауданында орналасқан.