Түркістан облысында 31 алаяқ ұсталды

0
567

Олардың 56 интернет-алаяқтық қылмыстарына қатыстылығы дәлелденген.


Түркістан облысында 31 алаяқ ұсталды

Түркістан облысында киберқылмыс тобының полицейлерімен 31 алаяқ ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР ІІМ «CyberPol» пилоттық жобасын іске қосқан болатын. Бұл жоба цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Осы бағытта Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алып, анықтауда 6 жедел уәкіл, 3 тергеушіденқұрылған «Киберқылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы қарқынды жұмыс жүргізіп келеді.


Департамент бастығының тапсырмасымен құрылған топ интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан жалпы 31 тұрғынды ұстап, олардың 56 интернет-алаяқтық қылмыстарына қатыстылығын дәлелдеген. Бұл қылмыстық істер бойынша жинақталған іс құжаттар сотқа жолданған.


Мәселен бұл топтың жедел уәкілдері облыстың бірнеше тұрғынын алдап, олардың атынан онлайн-несие алған жас жігітті ұстады.


Нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол көлігіне жолаушы болып отырған жас жігіт әңгімеге тартып, сеніміне кіріп, ұялы телефонын сұрап алып, ондағы банк қосымшасын пайдаланып, атынан 1 миллион 600 мың теңге несие рәсімдеп жібергенін жеткізді. Ақпарат алысымен арнайы құрылған топ қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтауда жан-жақты жұмыс жасады.


Нәтижесінде күдікті ретінде Сарыағаш ауданының тұрғыны, жұмыссыз жас жігітті анықтады. Ол 6 бірдей жүргізушіні алдап, оларға жалпы 6 млн. теңгеге жуық материалдық шығын келтіргені белгілі болды. Несиеге мақұлдау алған алаяқ, танысы ақша салып жібергенін айтып, жүргізушінің ұялы телефоны арқылы арнайы терминалдардан қаражатты шешіп алып отырған. Қазіргі таңда күдікті қамауда, оған қатысты материалдар айыптау актісімен сотқа жолданды.


Айта кетсек, «Киберқылмысқа қарсы күрес» қызметкерлері орын алған интернет-алаяқтық қылмыстарын саралап, жергілікті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында, жүйелі профилактикалық іс-шараларды үнемі ұйымдастырып келеді.


Мысалы, бұл топпен ағымдағы жылдың 18-20 сәуір күндері аралығында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыруға бағытталған «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.