Түркістан облысында алаяқтықпен айналысқандар ұсталды

0
904

Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеуге алынған.


Түркістан облысында алаяқтықпен айналысқандар ұсталды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Атыраудағы компанияға жұмысқа орналастырамын деп талайды тақырға отырғызып алдап кеткен алаяқ ұсталды. Күдікті жәбірленушілердің әрқайсысынан 150-180 мың теңге алып, табанын жалтыратқан. Ізін суытқан алаяқты іздеп жәбірленушілер тәртіп сақшыларына шағымданды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөліміне бірнеше жәбірленуші арызданған, олар Атырау облысындағы компаниялардың біріне жұмысқа орналасуға уәде беріп, олардан ақша алып кеткен алаяқтың құрбаны болғаны туралы хабарлаған. Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында, күдікті ретінде Қызылорда облысының тұрғынын құрықтады. Тергеу барысында оның осындай 10 жайтқа қатысы бары анықталды.

"Аталған жайттарды Сарыағаш АПБ-нің СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеуге алынды. Күдікті жәбірленушілердің сеніміне кіріп, Атырау облысындағы компаниялардың біріне жұмысқа орналасуға көмек көрсетемін деп, жұмыс сұраған адамдардың әрқайсысынан 150-180 мың теңге аралығындағы ақшаларын алып, ізін суытқан. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы екі миллион теңгеге жуық,"-деп мәлімдеді полицейлер.

Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша "Алаяқтық" бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Дәл осындай баппен Сайрам ауданында қылмыстық жайт орын алды. Ауданның тәртіп сақшылары, алаяқтық жолмен жәбірленушілерден 100 мың теңгесін жымқырып кеткен күдіктіні құрықтады. Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне ауданның екі тұрғынының танысы сенімдеріне кіріп, әлеуметтік көмек алуға көмектесемін деген жалған уәдемен, біреуінен 30 мың теңге, екіншісінен 70 мың теңгесін алып, ізін суытқан.

Аталған жайттар Сайрам АПБ-ның СДТБТ-ға "Алаяқтық" бабы бойынша тіркеуге алынды. Сайрам АПБ-ның полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде жергілікті тұрғын ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауда.