Түркістан облысында көпқабатты 79 үй салынуда

0
3 085

Облыста сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй қорын құру бойынша ағымдағы жылы мемлекеттік бюджет есебінен 2449 пәтерлі үйлердің құрылысы жүріп жатыр.


Түркістан облысында көпқабатты 79 үй салынуда

ERNUR.KZ. Түркістан облысында биыл 79 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін оның 500 пәтері, яғни 35 тұрғын үй пайдалануға беріледі, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашевтың мәліметінше, өңірде құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі бойынша 2018 жылдың жоспары - 140,8 млрд теңгені құраған. Облыста сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй қорын құру бойынша ағымдағы жылы мемлекеттік бюджет есебінен 2449 пәтерлі үйлердің құрылысы жүріп жатыр.

Бұдан өзге, тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік коммуникацияларды жайластыру бойынша мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 9 нысанның құрылысы жүргізілуде. ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында ағымдағы жылы Түркістан облысы үшін тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 344,7 мың шаршы метр деп белгіленген. 2018 жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша, 202,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 30 пайызға артқан. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі қала-аудандарда тұрғындар баспанамен қамтылып отыр.

Мәселен, Арыс қаласындағы «Көктем - 2» шағын ауданында 36 пәтерлі үш бірдей көпқабатты үй тұрғызылды. Қазіргі таңда бұл үйлердің құрылыс жұмыстары жоспар бойынша толығымен аяқталып, қабылданған. Айта кету керек, Арыстағы нақ осы тұрғын ауданда, мұнан бөлек, тағы 36 пәтерлі көп қабатты үш үйдің құрылыс жұмыстары жүруде. Ал қала бойынша 1300-ден астам азамат үй кезегінде тұр.

Сарыағаш ауданында өткен жылы 19,9 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Ағымдағы жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 7,780 шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді. Қапланбек оқу-тәжірибе шаруашылығы аумағында «Нұрлы жер» бағдарламасымен 13 үй салынып жатыр. 5 қабатты 585 пәтерлі үйді «Ынтымақ Бес-Арыс» ЖШС тұрғызуда. Жобалық құны 407 млн теңге болатын баспаналар келер 2019 жылы толық пайдалануға беріледі. 45 пәтерлі 13 тұрғын үй аяқталса, 585 отбасы баспанамен қамтылады.

Облыс орталығы Түркістан қаласында 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа шағынауданда салынып жатқан баспаналар «7-20-25» бағдарламасы аясында бой көтеруде. Киелі шаһардағы бұл шағынаудан «Отырар» деп аталады. Қазір мұнда 5 қабатты 60 пәтерден тұратын арендалық үйлер салынуда. 6 мердігер компания қарқынды жұмыс істеп, құрылысты келер жылы аяқтауға ниеттеніп отыр. Тұрғын үйлерді салуға республикалық бюджеттен 3 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған.

«60 пәтерлі 5 қабатты 20 үй - арендалық. Одан бөлек, несиеге берілетін 6 үй салып жатырмыз. Оның төртеуі жай тұрғын үй, екеуі коммерциялық тұрғын үй болады. Қазір 11 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы құны - 4 млрд 105 млн теңге. Одан кейін 9 үйдің құжаты конкурстан өтуде», - дейді Түркістан қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әбдісамат Исраилов.

Ал, келер жылы Түркістан қаласында 3-ші класты 42 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді деп жоспарланған. Бұдан бөлек, өңірде тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеу жүргізіле бастады. Мәселен аймақта 1500-дей көпқабатты тұрғын үй болса, соның 508-і жедел жөндеуді қажет етеді. Қолға алынған осы тірліктің арқасында облыстағы 102400 отбасының баспанасы жаңартылмақ. Бұл өңірдегі Шардара, Сарыағаш, Арыс, Кентау және Леңгір мен Жетісай секілді шағын қалаларда да жүргізіледі. Сондай-ақ апатты деп танылған 18 тұрғын үйдің орнына жаңасы салынады. Іс-шара бойынша 508 үйді 2025 жылға дейін жөндеу жоспарланып отыр. Оған облыстан қажетті қаржы 4,5 млрд теңге бөлінді. Бұл - тұрғындар тарапынан қайтарылатын қаржы. Ол қаржы жөндеуді қажет ететін келесі үйлерге жұмсалмақ.