Түркістан облысында су туризмін дамыту қолға алынған

0
408

Нәтижесінде өңірде ауа ылғалдылығы артады.


Түркістан облысында су туризмін дамыту қолға алынған

Түркістан облысында су туризмін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов туризм мен спортты ұштастыра отырып, өңірдегі су туризмін дамытудың қолға алынғанын айтып, осы бағыттағы жүйелі жоспарлармен бөлісті.


Ол үшін ең бірінші «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылғы дейінгі кешенді жоспары» аясында ірі су нысандары салынуда. Метеорологтардың мәлімдеуінше, кешенді шаралар нәтижесінде өңірде ауа ылғалдылығы артып, ауаның температурасы - 1,5 градусқа дейін төмендеген.


Ал, «Түркістан магистралды каналы» күрделі жөндеуден өткізу арқылы 60 млн. куб метр су үнемделеді. Түркістан аумағында 8 шақырым каналдың ұзындығы абаттандырылып, демалыс аймағы, веложолдар салынып жатыр. «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасы жобасы жүзеге асса 34 млн. куб метр ағын су жеткізіледі. Қазір үлкен дамбының биіктігі 27 метрге дейін көтеріліп, кіші дамбы толықтай тұрғызылды. Бұл канал биылдың өзінде көктемгі тасқын сулар ысырабына жол бермей 5 млн.куб метр су жинауға мүмкіндік берді.


Бұдан бөлек, «Сырдария өзенінен машиналық арна салу» және «Сарқырама» су қоймасын салу жобалары әзірленуде. Бұл жобалар - Түркістан өңірін ағын сумен қамтамасыз ететін өте маңызды жұмыстар. Сонымен бірге, Түркістан облысында академиялық есу, байдарка және каноэда есу, желкен спорты, жүзу және триатлон спорт түрлерін қарқынды дамыту үшін былтыр ескек есу канал салынуда. Бұл кешеннің жалпы алаңы 100 гектарды құрайды.


Халықаралық дәрежедегі ескек есу және байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталықта қонақ үйлер, көрермендерге арналған жай, көпірлер салынады. Спорт кешенінде су шанғысы, жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрінен сайыстар өтеді. Бұл жұмыстардың барлығы түркістандық жас спортшылардың болашағы үшін атқарылып жатыр.