Түркістан облысында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған мүшәйра өтті

0
436

«Ұлы Дала перзенті».


Түркістан облысында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған мүшәйра өтті

Шардара ауданында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған мүшәйра өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Шардара қаласында Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай жазба ақындар арасында «Ұлы Дала перзенті» атты облыстық мүшәйра өтті. Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған жыр додасын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Айдаров ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.


Екі кезеңнен тұратын сөз сайысына 18 ақын қатысты. Мүшәйраға Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдәзім, облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы, ақын Мұқағали Кенжетайұлы, Шардара аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы, Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің төрағасы, ақын Сәбит Лаханов қазылық етіп, Ұлы Дала перзентіне арнауы мен еркін тақырыпта өз шығармаларын ұсынған ақындардың үздігін анықтады.


Қазылар алқасының шешімімен Түркістан қаласынан Арқалық Әмәлият жыр бәйгесінде оза шауып, бас жүлдені иемденді. Ал Отырар ауданынан Бауыржан Ерман І орынды қанжығасына байласа, Шардара ауданынан Бекжұма Нарбай мен келестік Қанат Жолдасбеков ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ жүлделі ІІІ орын Түркістан қаласынан барған Үмітбек Бағдат, жетісайлық Сапархан Арыстанов пен отырарлық Нұрғали Сердалиевке бұйырды. Сонымен қатар байқауға қатысқан басқа да ақындар Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының, Шардара ауданы әкімінің және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы жүлдесімен марапатталды.


Айта кетейік, байқау мақсаты – Мысырда Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Сұлтан Бейбарыстың жеке тұлғасын ұлықтау, өмір жолдарын жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, өскелең буынды ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Сонымен бірге поэзия өнерін дамыту, насихаттау, халыққа танылмай жүрген ақындарды анықтау, қолдау көрсету және облыстық, республикалық жыр-мүшәйраларға қатысуын қамтамасыз ету де көзделген.