Түркістан облысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 40-тан астам жайт анықталған

0
1 673

Тәртіп бұзғандарға әкімшілік айыппұл салынып, хаттамалар толтырылған.


Түркістан облысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 40-тан астам жайт анықталған

Түркістан облысының полицейлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 40-тан астам жайтты анықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері биылғы жылдың 13-25 қыркүйек аралығында табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтау, алдын алу және жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізген. Тексеру жұмыстарына Түркістан облысы ЖПҚ табиғатты қорғау полициясы инспекторларының және басқа да полиция қызметтерінен тұратын бірнеше мобильді топтар жұмылдырылған.

Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде полицейлер 4 экологиялық қылмысты, 1 заңсыз балық аулау және 3 заңсыз ағаш кесу жайтын тіркеді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 40-тан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, тәртіп бұзғандарға 300 мың теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынды.

Шардара ауданында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жергілікті су қоймасында Мақтарал ауданының тұрғынын ұстады. Браконьерден полиция қызметкерлері резеңке қайықты, балық аулау құралдарын және 3 кг астам балық тәркіледі. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 335-бабы "балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

Бұдан басқа, табиғат қорғау полициясының қызметкерлері рейдтік іс-шаралар кезінде "жануарлар дүниесін пайдалану және аң аулау ережелерін бұзу" фактісі бойынша 12 әкімшілік хаттама, "балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау ережелерін бұзу" фактісі бойынша 20 әкімшілік хаттама және табиғатты қорғау заңнамасы мен басқа да әкімшілік бұзушылықтар бойынша 9 әкімшілік хаттама толтырылды.

Өз кезегінде, Түркістан облысы ПД ЖПҚ полицейлері табиғатты қорғау заңнамасының құқық бұзушылықтарын анықтау мен жолын кесуге бағытталған жұмыстарын одан әрі де жалғастыратын болады.