Түркістан облысында жаңа автотұрақ салынып жатыр

0
906

Барлық қаржы демеушілер есебінен.


Түркістан облысында жаңа автотұрақ салынып жатыр

Ордабасы ауданында брқатар іс-шаралар іске асырылуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың тапсырмасына сәйкес, аудан орталығындағы орталық базар маңында автотұрақ салынып жатыр. Аталған тұрақтың бір мезетте 50-ден астам көлік қабылдауға мүмкіндігі болады. Бұл – аудан орталығындағы әлеуметтік нысандар жанынан ашылатын төртінші автотұрақ. Аудан басшысының бастамасымен бұл тұрақтың барлық жұмысы демеушілер есебінен жүргізілуде.

Сондай-ақ, Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен өткен мәжілістерде аудандық жер қатынастары бөліміне 10 тапсырма беріліп, оның 5-еуі бүгінгі таңға нақты орындалды. Тапсырмаға сәйкес, Төрткүл ауыл округінен мемлекеттің мұқтажы үшін Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізіне алынған жер учаскелеріне «КазАвтоЖол» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалы тарапынан мемлекеттік сәйкестендіру актілері алынып рәсімделді. Нәтижесінде 70 метрді құрайтын автомагистральдің қорғау аймағына енбеген жер учаскелері ауданға қайтарылды.

Жалпы, аудан бойынша көлемі 131,4 гектар құрайтын 11 жер учаскесінің игерілмегені анықталған. Жер пайдаланушыларына нұсқамалар таратылып, жер учаскелерін 2 жыл қатарынан игермеген жағдайда, сот тәртібімен аудандық жер қорына қайтарылатыны ескертілді. Жыл басынан бері жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде 2 жыл қатарынан игерілмеген 2300,2 га жер анықталып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылған.