Түркістан облысында жаңа жүйемен 4282 педагог жұмысқа орналасты

0
1 106

Облыста балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 97,9%-ға жеткен.


Түркістан облысында жаңа жүйемен 4282 педагог жұмысқа орналасты

Түркістанда «Nur Otan» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының «Білім беру» бағыты бойынша комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалында өткен жиынның күн тәртібінде «2016-2019 жылдарға арналған білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының Түркістан облысында орындалуы» талқыланды. Жетістіктер де, кемшіліктер де сөз болды. Мәжілісті комиссия төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Оңалбай Аяшев жүргізіп отырды.

Жиында Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Ізтілеуов күн тәртібіндегі мәселе бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, облыста балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 97,9%-ға жеткен. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының тәжірибесі бойынша жаңартылған білім беру мазмұнына өткен мектептердің үлесі де артып келеді.
«Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен облыстың орта балы 75 балды құрады. Түркістан облысы бойынша 3423 оқушы 100 балдан жоғары жинады. 2018-2019 оқу жылының қорытындысымен облыс бойынша 1448 түлек «Алтын белгі» төс белгісі, ал 950 мектеп бітірушісі «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 66 ұйымда мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған 5170 түлек диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасты. Түркістан облысының 899 мектебінде жұмысқа қабылдаудың автоматтандырылған jumys.snation.kz жүйесі ендірілген. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында қолға алынған осы жүйе арқылы өңірде 4282 адам жұмысқа орналасты», – деді Н.Ізтілеуов.

Комиссия отырысында білім саласындағы өзекті мәселелер сөз болды. Облыс мектептерінде 41605 дана компьютерлік техника бар, алайда олардың 33 пайызы, яғни, 13948 данасы ауыстыруды қажет етеді. Сонымен қатар білім ұяларындағы 2673 интерактивті тақтаның басым бөлігі ескірген. Мектептерді түгел ғаламтор желісіне қосу мәселесі де өзекті. Білім басқармасының жауапты өкілі осы түйткілдерді шешу бойынша жұмыс күшейетінін мәлімдеді.

Осы және өзге де деректерге қаныққан комиссия мүшелері білім ұяларында қауіпсіздікті күшейту, әжетханаларды санитарлық талапқа сай ету, оқушылардың қылмысын азайту бағытындағы ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ мектеп асханаларында балаларды талапқа сай тамақтандыру, білікті ұстаздармен және оқулықтармен қамту мәселелері де көтерілді.

Комиссия төрағасы О.Аяшев жиында көтерілген мәселелер «Nur Otan» партиясының бақылауында болатынын, білім саласын дамыту бойынша мәслихат тарапынан да тұрақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.