Түркістан облысында жолаушылар мінген автобус аударылып қалды

0
675

Ішіндегі 21 адамның екеуі жүкті әйел.


Түркістан облысында жолаушылар мінген автобус аударылып қалды

Түркістан облысында жолаушылар мінген автобус жол апатына ұшырады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Аталған жол-көлік оқиғасы бүгін таңғы сағат 06.30 шамасында Алматы-Ташкент-Термез тас жолының 649-шақырымында орын алды. Автобустың ішінде 21 адам болған. Оның екеуі жүкті әйел. Абырой болғанда адамдар аман. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автобустың жүргізушісі мен 1 жолаушы ауруханаға жатқызылды. Қалған 19 жолаушы, оның ішінде екі жүкті әйел де медициналық көмекке Сайрам, Түлкібас аудандары мен Шымкент қаласының ауруханаларына жүгінген.

Алдын ала мәлімет бойынша, қоғамдық көлік Сарыағаш ауданына қарай бет алған. Өкінішке қарай автобус жүргізушісі рульді басқара алмай жолдың оң жақ шетіне шығып кеткен. Жол-көлік оқиғасы орын алған жерге бірінші болып Түлкібас аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы мен Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальоны мен Төтенше жағдай қызметкерлері жеткен. Полицейлер мен ТЖМ қызметкерлері жолаушыларға аударылған автобустан шығуға көмектесіп, оларға сол жерде психологиялық және басқа да қажетті қолдауларды көрсетті.

"Қазіргі уақытта оқиға орнында облыстық Полиция департаментінің анықтаушылары жұмыс істеуде. Бұл жайт Түлкібас АПБ-не тіркелді. ҚР ҚК 345-бабы "Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде". - деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.