Түркістан облысындағы көне Үтіртөбе қаласы жойылу алдында тұр (видео)

0
4 631

Ортағасырлық Үтіртөбе қаласы Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Үтіртөбе ауылынан 12,1 шақырым солтүстік-шығыста, Сырдария өзенінің сол жағасынан оңтүстікте 2 шақырым жердегі Сорөзектің жағасында орналасқан. Жылдың 2-3 айынан басқа айларында Сырдың суы тасып, топан судың ортасында қалатын қала үстін қамыс пен жыңғыл басып жатыр.


Түркістан облысындағы көне Үтіртөбе қаласы жойылу алдында тұр (видео)

Сырдың суы ортағасырлық Үтіртөбе қаласын жылда басып, шаһардың мәдени қабатын 1-2 метрге дейін шайып, көлемі жылдан-жылға кішіреюі салдарынан 15-20 жылда тегіс жойылуы мүмкін - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.Қаланың ежелгі атауы белгісіз, ешқандай жазба деректерде кездеспейді. Жергілікті халық бұл ортағасырлық қаланың атауын Үтірлі немесе Үтірлітөбе, Үтіртөбе деп те атайды. Үтірлі атануы «Ұтырлы» деген сөзден шығуы мүмкін дейді ғалымдар. Өйткені, «Ұтырлы» – қазақ тілінде ұтымды, ұтқыр, қолайлы деген мағынаны білдіреді. Бұл қаланың тіршілікке жайлы, тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерге орналасуынан шығуы мүмкін. Ал, Үтірлітөбе, Үтіртөбе атануына келсек, қазіргі кезде қаланың пішіні «үтір белгісіне» ұқсас болғандықтан жергілікті халық осылай атап кеткен.

Ортағасырлық Үтіртөбе қаласының географиялық орналасуы шынында да заманында қаланың әлеуметтік-экономикасын, мәдениетін дамытуда қолайлы болған. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген ғалымдардың мәліметінше қаладан шығыс, солтүстік-шығысқа қарай жол Сырдан өтіп Чиначкентке (Шыназ), одан әрі Орта Азияның ірі орталығы – Шашқа (Ташкент) барған. Ал, Сырдың сол жағалауымен жоғары қарай өрлеген жол Хожентке жеткен. Сырмен төмен қарай жүрген тағы бір негізгі бағыт Сүткент қаласы арқылы өтіп Оқсызға (Весидж) барған. Одан әрі жол жан-жаққа (Яссы-Сауран-Сығанақ, Испиджаб және Орталық Қазақстан бағыттары) тармақталады. Ал, қаладан оңтүстік-батысқа қарай «Жызақ жолымен» шыққан тағы бір бағыт Мырзаның шөлін басып өтіп Жызаққа, одан әрі Самарқан, Бұхараға жеткен.

Жергілікті халық арасында «Ежелгі заманда бұл қала гүлденген, мәдениетімен атағы шартарапқа жеткен, тоғыз жолдың торабында орналасқан сәулетті қала болған екен. Қалада бір атақты бай тұрыпты. Ол бір перзентке зар болыпты. Қартайғанда әйелі ұл туып, бай ұлан-асыр той жасайды. Мыңдаған қой мен ірі қара сойылып, қанын судай ағызады. Қанның көптігі сонша, ол өзен болып ағып, Сырдың суына қосылып, өзенді қызыл түске бояпты. Сол түні өзен суы арнасынан тасып, қаланы түгелдей су басыпты. Топан суға төтеп бере алмаған қала жер астына көміліп төбе болып қалыпты» деген аңыз бар.

Міне, осы ортағасырлық Үтіртөбе қаласын алғашқыда Қазақстан археологтары зерттемеген. Оның басты себебі Мырзашөл өңірі, оның үлкен бір бөлігі – Мақтарал ауданы 1963-1971-жылдары Өзбекстан Республикасына қараған. Сондықтан да бұл аймақ өткен ғасырдың 60-жылдары жүргізілген Шардара археологиялық экспедициясының зерттеу аясынан тыс қалған.

Бұл ортағасырлық қала тіпті, «Қазақ Совет энциклопедиясы», «Археологическая карта Казахстана» (Алматы, 1960), «Свод памятников истории и культуры Казахстана в Южно- Казахстанский область» (Алматы, 1994) атты іргелі басылымдарға да кірмей қалған. Үтіртөбені алғаш Өзбекстан археологтары зерттеп, қала туралы мәлімет 1965-жылы М.С.Мерщиевтің «К вопросу о генезисе оседлых поселений (на материалах городище Актобе 1)» атты мақаласында айтылған. Автор осы мақаласында Асықата ауылынан солтүстік-шығыста орналасқан ескерткішті «Отурултөбе» қаласы деп көрсеткен.

1971-жылы Өзбек ССР Археология институтының профессоры Ю.Ф.Буряков бастаған Шаш-Илак археологиялық тобы Үтірлітөбе (Үтіртөбе) қаласында болып, оның тарихи- топографиялық құрылымын анықтап, әртүрлі бөліктерінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген.

ліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде бұл ортағасырлық қалаға алғаш назар аударып, зерттеуді қолға алған Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті болды. Аталмыш оқу орнының «Отан және шетел тарихы» кафедрасының профессор-оқытушылары Сабира Апашева мен Мырзабай Мейірбековтің дабыл көтеруімен ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына университет тарапынан қаржы бөлініп кәсіби археолог-мамандардың жетекшілігімен археологиялық зерттеулер жүргізіле бастаған. Ең алғаш 2004-жылы тарих ғылымдарының кандидаты М.Қасеновтың, ал, 2009, 2010, 2014, 2015 және 2016-жылдары тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Елеуовтың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған қыш құмыралар мен керамикалық бұйымдар, қылыштың сынықтары мен жебелер сынды тарихи жәдігерлер бүгінде «Сырдария» университетінің мұражайында сақтаулы тұр.

Сонау ҮІІІ-ХІІ ғасырларда оғыздар дәуірінде өмір сүрген Үтіртөбе қаласы бүгінде апатты жағдайда тұр. Шілде, тамыз, қыркүйек айларынан басқа кездерде Сыр суының ортасында қалатын қаланың көлемі жыл санап кішірейіп келеді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша өткен ғасырдың 60 жылдары салынған Шардара су қоймасы суының көтерілуінен қаланы су баса бастаған. Қазіргі кезде қала үстін қамыс пен жыңғыл басып, жылда қаланың мәдени қабатын 1-2 метрге дейін су шайып кетеді екен. «Егер су осылай шая берсе 15-20 жылда тарихи қаланың орыны тегіс жойылуы мүмкін» дейді тұрғындар.

Ал қызылордалық ғалымдардың айтуынша, Сырдария өзенінің бойында осы Үтіртөбеге ұқсас ортағасырлық 40 қаланың орны бар көрінеді.