Түймебаев: мектептер 25 тамызға дейін дайын болуы тиіс

0
1 521

Ж. Түймебаев Білім басқармасының басшысына Тамыз кеңесін жоғары деңгейде өткізу жөнінде тапсырма берді


Түймебаев: мектептер 25 тамызға дейін дайын болуы тиіс

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Облыс әкімдігінде 2018-2019 оқу жылының басталуына дайындық жұмыстары талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық Білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықовтың айтуынша өңірдегі 1289 білім беру мекемесінде қысымдау және гидравликалық сығымдау жұмыстары қолға алынған. Жалпы 849 білім беру нысандарына 131863 тонна қатты отын жеткізу жоспарланса, қазір 70567 тоннасы тасымалданған.

«Сұйық отынға келетін болсақ, 78 білім беру нысандарына қажетті 3,3 млн. литр сұйық отынның 1,8 млн. литрі жеткізілді. Сұйық отынның қалған бөлігі келісімшартқа сәйкес жеткізілетін болады. 2018 жылы 47 білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық және жергілікті бюджеттен 4,3 млрд. теңге бөлінген. Қазіргі таңда 46 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшуіне байланысты 3,6,8 сыныптарға арналған оқулықтарды сатып алуға және жеткізуге жергілікті бюджеттен 4,9 млрд. теңге бөлінді. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері білім ұйымдарына ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін толығымен тасымалданады», — деген басқарма басшысы кейбір аудандардағы білім мекемелерінде жылыту маусымына дайындық жұмыстары кешеуілдеп жатқанын да атап өтті.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа оқу жылына дайындық барысында кемшілікке жол берген аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширату жөнінде айтты.

«Білім ұяларын жаңа оқу жылына әзірлеуді мамыр айынан бастау керектігі жөнінде тапсырма берілген. Неге уақтылы бастамайсыздар? Мектептерді ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу 25 тамызда толық дайын болуы тиіс. Оқулықпен және көлікпен, қатты және сұйық отынмен қамтамасыз ету жұмыстары да ерте аяқталғанышарт. Ал, сіздер тамыз айында жүгіре бастайсыздар. Елге, ата-ана мен оқушыларға керегі – нәтиже. Мердігер кеш анықталды, тендер енді ойнатылады деген сияқты сылтаулар жүрмейді. Талапқа сай жұмыс істеңіздер», - деген Ж. Түймебаев Білім басқармасының басшысына Тамыз кеңесін жоғары деңгейде өткізу жөнінде тапсырма берді.