Түркістан облысының кәсіпкері өзбекстандық бәсекелесінен жеңіліп қалған

0
906

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев жергілікті экспорттаушылардың проблемалық мәселелерін тыңдады.


Түркістан облысының кәсіпкері өзбекстандық бәсекелесінен жеңіліп қалған

Түркістан облысының кәсіпкері Өзбекстанның кәсіпкерімен бәсекелесе алмай халықаралық тендерден жеңіліп қалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы Түркістан облысының әкімдігі «Turkistan Invest» фронт-офисімен бірлесе әлеуетті экспорттаушыларға арналған дөңгелек үстел барысында айтылды.

Кездесуге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы АҚ, «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ, «Атамекен» АКП және аймақттық қаржы институттары «Оңтүстік» АИО, «Ырыс» МҚҰ қатысты.

Жиын барысында «Turkistan Invest» өкілі экспортаушыларға мемлекет тарапынан төленетін транспорттық шығындардың өтеуі туралы мүмкіндіктерін түсіндірді. Оның айтуынша, 2018 жылы экспорттаушылардың жәрмеңкелерге қатысу шығындары, өнімдерінің сыртқы мелекеттердегі жарнама шығындары, олардың іскерлік кездесулері, форумдары, конференцияға қатысу шығындары қайтарылатын болса, 2019 жылдан бастап мемлекет экспорттаушылардың ішінде өңделген өнім экспортымен айналысатындардың транспорттық шығындарын қайтару мүмкіндігін қарастырылғандығын жеткізді.


«Транспорттық шығындар қалай қайтарылады. Өндірістен бағыт алған өнім Қазақстан шекарасына дейінгі шығыныңыздың белгілі бір бөлігі мемлекеттен субсидияланады. Егер ірі кәсіпорын болса транспорттық шығындарыңыздың 30 пайызы, ал егер орта деңгейде болса транспорттық шығындарыңыздың 50 пайызы, ал кіші кәсіпорын болса шығындарыңыздың 60 пайызы субсидияланады. 2019 жылы аталған бағытқа республикалық бюджеттен 10 млрд. теңге бөлінген. Барынша көптеген ірі шаруашылықтарды қамтамасыз ету мақсатында белгілі бір лимиттер қойылған. Транспорттық шығындардың қайтарылатын бөлігі 32 млн. теңгеден аспау қазжет», - дейді «Turkistan Invest» өкілі.

Сонымен қатар, облыстың ірі экспорттаушылары экспорттық қызметтің негізгі мәселелерімен де бөлісті.


«Логистика мәселесі бойынша, мысалға жақын бәсекелестердің бірі Өзбекстанды алатын болсақ, олардың транспорттық шығындарын соңғы нүктесіне дейін өтеледі екен. Жуырда ғана Украинадағы ірі тендерге бәсекелестерімізге жол беріп қойдық. Себебі, оларға тауарды соңғы нүкетесіне дейін жеткізіп беру шығынын мемлекет өтейді. Ал бізде Қазақстан шекарасына дейін ғана, оның өзі 30 пайызын ғана өтейді. Бұл дегеніміз біздің халықаралық тендерлерге қатысуға мүмкіндігімізді азайтады», - дейді Кентау трансформатор зауытының өкілі.