ТҮРКІСТАН: Өңірдегі кітапханаларға 20 мың кітап жолданады

0
561

Жыл соңына дейін жоспарланған акция екі бөлімнен тұрады.


ТҮРКІСТАН: Өңірдегі кітапханаларға 20 мың кітап жолданады

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Кітап Travel – 2023» акциясы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Кітап Travel – 2023» акциясы басталды. Шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев және зиялы қауым өкілдері мен сала қызметкерлері қатысты.


Өңірлік кітапханалардың қызмет көрсету бағытында озық идеяларды анықтау мақсатындағы акция шымылдығын Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ашты. «Шежірелі өлкеден – рухани темірқазыққа» атты шарада «Көркем мінез көркем әдебиеттен» тақырыбымен өңірлік кітапханалардың таңдауымен 5 кітаптан инсталляциялық кітап көрмесі өткізілді. Жыл соңына дейін жоспарланған акция екі бөлімнен тұрады. «Тарихтан жеткен аманат» тақырыбында аудандық кітапханалар электронды сандық сирек қорды ұлғайту бойынша «Фараб» кітапханасына сирек қор жинақтап, сандық форматтағы және түпнұсқа қолжазбалар түріндегі сирек қорын көбейтуге қолдау көрсету үшін белгіленген кестеге сай облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында бас қосады.


"Бұл акция арқылы кітапхананың кітаптар қорын 20 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Ауыл кітапханаларына көңіл бөлінеді. Түркістан облысында танымал қаламгерлер, ақын-жазушылар, баспагерлер, бұдан бөлек Түркістан өңірінен шыққан беделді қаламгерлер мен баспагерлер жеткілікті. Осындай акцияларды біз өңірімізде ғана емес, арнайы уақыт бөліп басқа да өңірлерге шықсақ, қаламгер ағаларды арнайы шақырып, үйлеріндегі том-том кітаптарды кітапхана қорына сыйға тарту мәселесін қарастырған жөн. Сақтаулы тұрған кітаптардың игілігін халыққа арнауымыз керек", – деген Бейсен Тәжібаев кітапхана қорына 100 кітапты сыйға тартты.


Белгілі ғалым, дінтанушы Досай Кенжетайұлы жақында ғана жарық көрген «Ясауи антологиясы» атты 9 томдық кітабы мен өз кітапхана қорындағы 80 кітапты сыйлады. Ал Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев сирек кездесетін жазба мен кітапты тарту етті.


Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев биыл өңірдегі кітап саласына ерекше көңіл бөлінетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік аудандық кітапхана» (Келес ауданы) мен «Ең үздік ауылдық кітапхана» (Түлкібас ауданы, Жабағылы ауылы) номинациясын жеңіп алған кітапхана басшыларын облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Алғыс хатымен марапаттап, арнайы сый-сыяпат табыс етті.


Айта кетейік, кітап жанашырларының аталған акцияға қатысуларына толық мүмкіндік бар. Акция жыл көлемінде жалғасады. Мақсат етілген 20 мың кітапты жинап, 17 аудан, қалаға өз деңгейінде көпшіліктің оқуы үшін бөліп беру жоспарлануда.