ТҮРКІСТАН: Онлайн жүйе арқылы құрбандық шалуға болады

0
827

741 мұқтаж отбасы жүйеге өтініш тастаған.


ТҮРКІСТАН: Онлайн жүйе арқылы құрбандық шалуға болады

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында құрбандықты онлайн жүйе арқылы шалу қол алынған, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Елімізде пандемияға байланысты шектеу шаралары күшейтіліп, індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында биыл мешіттерде Құрбан айт намазы оқылмайды. ҚМДБ тарапынан «www.qurban2020.kz» сайты арқылы құрбандық онлайн жүйесі арқылы қабылданып, ет мұқтаж отбасыларға таратылады. Ал мұқтаж отбасылардың тізімдері мен өтініштері онлайн жүйесі арқылы тіркеледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас имамы Мұсабек Ақтамберді мәлімдеді.

Оның айтуынша, онлайн құрбандық шалудағы мақсат – азаматтардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Айта кетерлігі, құрбандық шалушыға бейне есеп те жіберіледі. Сондай-ақ, құрбандықты айт намазының уақыты өткен соң шала беруге болады.

«Құрбан - араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Алла Тағалаға жақындай түсу. Құрбан айт - мұсылмандардың ұлық мерекесі. Күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға өзара мейірімді болуға шақырады. Ал, құрбандық шалу мына жандарға уәжіп: мұсылман болуы, ақылды және балиғат жасына толуы. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және негізгі қажеттерден тыс нысап мөлшеріндегі мал-мүлікке ие болуы. Нысап мөлшері - 85 грамм алтын, яки, соның құнына тең келетін мал-мүлік», - дейді облыстың бас имамы.

Сондай-ақ, аталған жиында Түркістан қаласының бас имамы Жүсіпбек Айдарбекұлы облыс орталығында мешіттерде арнайы құрбан шалатын орындардың да дайындалатын жеткізді.

«Айт күндері құрбан шалу - ғибадат. Ал құрбандық шалудағы ең маңызды жайт оны – Алла Тағалаға арнап сою. Құрбандық малын бөліктерге бөліп, құрбан шалушы өзіне және көршісіне, сонымен қатар мұқтаж отбасына беруіне болады. Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Малдың жасы жеткен және арық болмағаны абзал», - деді ол.

Кездесу барысында Түркістан облыстық «Түркістан-Қожа Ахмет Яссауи» мешітінің іс басқарушысы Мұстафа Қалжанұлы «www.qurban2020.kz» сайты арқылы қазіргі таңда облыста 17 құрбан шалушы тапсырыс жасағанын айтты. Сондай-ақ, 741 мұқтаж отбасы жүйеге өтініш тастағанын жеткізді.