ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданының үздік жастары анықталды

0
475

Әкімнің атынан арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.


ТҮРКІСТАН: Ордабасы ауданының үздік жастары анықталды

Ордабасы ауданында жылдың үздік жастары марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, аудандық Жастар ресурстық орталығы құрылғандығының 10 жылдығына орай «Ордабасы жастары – 2021» жыл үздіктері байқауының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті. Салтанатты мерекелік шараға аудан әкімі Бағлан Батыршаев қатысып, байқау жеңімпаздарын құттықтады.


«Егемендігіміздің 30 жылында Тәуелсіздік құрдастары байтақ Отанымыздың өсіп-өркендеуіне, түрлі салада дамуына бар күш-жігерін жұмсады. Әлемнің дамыған елдерінен білім, ғылым нәрін аламын деген жастарға арналған «Болашақ» бағдарламасы, екі қолға бір күрек іздеген жастар үшін дайындалған «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» жобасы міне, соның жарқын дәлелі. Бүгінде 30 мыңға жуық аудан жастары да осы тиімді шарт-жағдайдың игілігін көріп келеді», - деді аудан әкімі мерекелік құттықтауында.


Жыл үздіктерін марапаттау шарасында ауданымыздың әр салада ең үздік деп танылған 14 жас азаматына аудан әкімінің атынан арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Іс-шара соңында аудандық Өнер мектебінің жас өнерпаздары ән-күйден шашу шашты.