ТҮРКІСТАН: Ордабасыда «Алтын күз» мерекесі өтті

0
830

Биыл 517 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда «Алтын күз» мерекесі өтті

Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығы саласы өнімінің көрсеткіші жоғары, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған «Алтын күз» мерекесі өтті. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Бағлан Батыршаев қатысып, өз саласында жемісті еңбек еткен жыл озаттарын мерейлі мерекемен құттықтады.


«Биыл елдегі қуаңшылыққа қарамастан ауданымыздағы ауыл шаруашылық саласы жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін 6 млрд 200 млн.теңгеге жеткізу жоспары 10 айда 6 млрд 500 млн. теңгеге өсті. Қаңтар-қазан айларында ауданымызда 59 млрд 462 млн. 800 мың теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнім көлемі 17 млрд 380 млн 700 мың теңгеге артты. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасына сәйкес ауданда 1 алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу, шаруашылық жерлерді Израйльдік тәсіл арқылы игеру жобасы ауданымызда қарқын алып келеді», - деді аудан әкімі өз құттықтауында.


Орталық алаңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің заманауи техникалар көрмесі, жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мерекелік шарада аудан әкімі өңіріміздің ауыл шаруашылық саласында ұзақ жылдар еңбек еткен бірқатар ардагерлерді, үздік нәтиже көрсеткен ауыл әкімдерін және еңбек озаттарын марапаттады.


Сондай-ақ, аудандық мәслихат хатшысы Қасымбай Әбдіхалық пен аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Алиасқар Бердімұрат аудан көлеміндегі озат шаруаларға арнайы сый-құрмет көрсетті. Мерекелік думанның соңы аудан өнерпаздарының концерттік іс-шарасы мен ұлттық көкпар ойынына ұласты.


Айта кетейік, өткен жылы ауданда 83 шаруа қожалық 169 гектар жерден екі өнімнен 5 690 тонна өнім алса, биыл бұл көрсеткіш 201 шаруашылыққа өсіп, жалпы 517 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Шаруалардың табысын арттыру мақсатында алдағы уақытта бірқатар жобалар қолға алынып, бұл мақсаттағы жұмыстар жалғасын таба бермек.