ТҮРКІСТАН: Ордабасыда қазақ күресінен Қ.Мұңайтпасұлының 148 жылдығына арналған жарыс өтті

0
1 486

Қажымұқан Мұңайтпасұлының 148 жылдығына орай қазақ күресінен өткен жарысқа Ресей, Өзбекстан, Моңғолия елдерімен қатар еліміздің барлық облыстарынан 300-ге тарта палуандар қатысты.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда қазақ күресінен Қ.Мұңайтпасұлының 148 жылдығына арналған жарыс өтті

Қажымұқан Мұңайтпасұлының 148 жылдығына орай қазақ күресінен дәстүрлі халықаралық турнирі өз мəресіне жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Ордабасы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа Ресей, Өзбекстан, Моңғолия елдерімен қатар еліміздің барлық облыстарынан 300 тарта палуандар қатысты.

Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мəлік Отарбаев жəне облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Екі күн бойына боз кілем көркін қыздырған спортшылар 8 салмақ дәрежесінде жеңімпазды анықтады.

Бұл жолғы турнирге палуандар жоғары дайындықпен келгендерін байқатты. Әр белдесуде көрермендерді шеберліктерімен таңқалдырып, тартысты жекпе-жектер өткізді. 8 салмақ дәрежесі бойынша мықтыларды анықтаған спортшылар, түйе палуанға тігілген су жаңа «Нива» автокөлігін сарапқа салды.

Абсалютті салмақта 32 балуан өнер көрсетіп, екі қазақ палуанымен екі моңғолиялық жігіт барлық қарсыластарының жауырынын жерге тигізіп, жартылай финалда күш сынасты. Тартысты өткен белдесулер нәтижесінде жүлделі үшінші орынды Моңғолия палуаны Дорж Анар иеленді. Ал, алыптардың айқасындағы ақтық сында алматылық Руслан Абдразақов пен моңғолиялық Серік Бердімұрат кездесіп, бар күштерін ортаға салды. Тартысты өткен белдесуде Руслан Абдразақов қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанса, жүлделі екінші орын моңғолиялық Серік Бердімұратқа бұйырды.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының 148 жылдығына орай қазақ күресінен өткен дәстүрлі халықаралық турнирдің бас жүлдесіне тігілген «Нива» автокөлігінің кілтін Руслан Абдразақов иемденді. 8 салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тағайындалған естелік сыйлықтармен марапатталды.