ТҮРКІСТАН: Ордабасыда медициналық бекетті тонап кетті

0
808

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелген.


ТҮРКІСТАН: Ордабасыда медициналық бекетті тонап кетті

Түркістан облысы полицейлері медициналық бекетке ұрлыққа түскен күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ордабасы АПБ-не орталық ауруханадан арыз келіп түседі. Онда ауруханаға қарасты медициналық бекеттің фельдшер бөлмесінде орналасқан компьютерді, сондай-ақ жанындағы барлық құрылғыларыды ұрлап кеткендігі көрсетілген. Жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын көлемі 100 000-нан астам теңгені құрады. Аталған жайт Ордабасы АПБ-нің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелген.

Аурухана ішінде орын алған ұрлықтың ізін суытпай ашу мақсатында аудандық полицейлер тез арада оқиға орнына жетті. Білікті полицейлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары ұрлық болған жерді мұқият тексеріп, саусақ іздерін алып, куәлерден сұрастырды.

Нәтижесінде алынған саусақ іздері арқылы күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Күдікті Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Полицейлер күдіктіні өз үйінен ұстады. Айғақты зат ретінде күдіктінің үйінен ұрланған компьютер табылып, тәркілеп алды. Алынған айғақты заттар заңды иесіне қайтарылды. Тергеу барысында күдікті бұған дейін жаңадан салынған медициналық бекеттің құрылыс жұмыстарын жүргізіп жұмысшы болғаны белгілі болды. Сол кезде соңғы үлгіде жаңадан әкелінген компьютерге көзі түскендігі анықталды. Ойға алған арам ойын іске асыру мақсатында терезені бұрағышпен (отверка) бұзу арқылы кіріп, ұрлыққа түскені айқындалды.

Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.