ТҮРКІСТАН: Отырарда 1100-ден астам тұрғын таза ауызсумен қамтылатын болады

0
886

Отырар ауданында тұрғындардың таза ауызсумен қамтылуы 93,6 пайызды құрайды.


ТҮРКІСТАН: Отырарда 1100-ден астам тұрғын таза ауызсумен қамтылатын болады

Түркістан облысы, Отырар ауданында екі бірдей елдімекенінде таза ауызсу ел игілігіне берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Маяқұм ауыл округіне қарасты Қостерек және Қарақоңыр ауыл округіндегі Ақтам елді мекендерінде таза ауызсу нысаны іске қосылды. Әрқайсысының құны 165 млн. теңге болатын су жүйелері 1100-ден астам тұрғынды таза ауызсумен қамтымақ. Екі нысанныңда құрылысын "Карат-Z" компаниясы жүргізіп, өз мерзімінде халық игілігіне беріп отыр.

Бұрын көрші ауылдардан суды тасымалдап ішкен елді мекен тұрғындары енді ол мәселеден түбегейлі құтылды.
Ауыл тұрғындарының осы қуанышына арнайы барып, өздерінің ізгі тілектерін білдірген аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов пен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манаповты көпшілік ыстық ықыласпен қарсы алды.

"Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев 2011 жылғы халыққа арнаған Жолдауында 2020 жылға дейін елді мекен тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешуді жүктеген болатын. Елбасы тапсырмасының бүгін ауданымыздағы екі елді мекенде орындалғандығының куәсі болып отырмыз. Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да өз жалғасын табады" ,- деп көпшілікті шын жүректен аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов құттықтады.

Сондай-ақ аудан әкімі бүгінгі таңда аудан тұрғындарының таза ауызсумен қамтылуы 93,6 пайызды құраса, алдағы уақытта су қорының анықталуына байланысты 100 пайыз орындайтындығын, сонымен қатар алдағы 2-3 жылда ауданымыздағы елді мекендердің барлығына табиғи газ құбырларын тарту жоспарланып отырғандығын ерекше атап өтті.

Көптен бері көкейде жүрген тілектері орындалған ауыл тұрғындары атынан Марат Тәңкішев пен Жақсыбек Жаппаров қариялар алғыс сезімдерін білдіріп, ақ баталарын берді.