ТҮРКІСТАН: Отырарда дәстүрлі тамыз кеңесі ұйымдастырылды

0
1 107

Кеңес «Адами капиталды дамытудың көзі ретінде қазақстандық білім беру мазмұнын жаңарту» тақырыбында өтті


ТҮРКІСТАН: Отырарда дәстүрлі тамыз кеңесі ұйымдастырылды

Отырар ауданының әкімі оқушылардың робототехнологияны меңгеріп қана қоймай оны іс жүзінде көрсете білуі маңызды екендігі жеткеізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісов аудандағы білім саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде айтты.
Алқалы жиын басталар алдын аудан әкімі мен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бөлім басшысы Баянғали Жұмабаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Мырзахан Манапов бастаған топ ауданның білім саласындағы жетістіктері мен даму перспективасы туралы көрмемен танысты.

Мұнан соң залға жиналған қонақтар мен аудан мұғалімдері алдында аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева «Адами капиталды дамытудың көзі ретінде қазақстандық білім беру мазмұнын жаңарту» тақырыбында есепті баяндама жасады. Былтырғы оқу жылындағы жетістіктер мен кемшіліктерді атап өтіп, алдағы міндеттерге кеңінен тоқталған бөлім басшысы білім саласындағы игі жаңалықтарды атап өтті.

2019 жылы ауданымыздағы білім беретін 40 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 12032 оқушы алтын ұясындағы білімін жетілдіреді. Биылғы оқу жылында 1400 оқушы 1-ші сыныпқа қабылданып, мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Сондай-ақ аудандық білім бөліміне қарасты барлық білім мекемелерінде 2030 мұғалім қызмет етуде. Биылғы жылы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жалпы біліктілігін арттырған мұғалімдер саны 1585, оның ішінде педагогикалық шеберлік орталығынан 903, "Өрлеу" БАҰО бойынша 682 педагог маман өз білімтіліктерін арттырды.

Есепті хабарламада биыл ауданның білім беру саласына 6,3 млрд теңге қаржы қаралып отырғаны айтылды. Бұл білім саласына үкіметіміз айрықша қамқорлық жасап отырғанының айқын дәлелі. Биыл Көксарай ауылындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Мыңшұқыр елдімекенінде 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ 2017-2018 оқу жылында Ш.Қалдаяқов, Жамбыл, Ө.Жәнібеков, М.Әуезов мектептерінің работотехника пән кабинеттеріне 4 компьютер мен 4 интерактивті тақта, 20 ноутбук алынған. Аталған мектептерде работотехника вариативтік курс негізінде сабақтар жүргізілуде. Мемлекетіміздің осындай қолдауларының арқасында өткен оқу жылының ҰБТ қорытындысы бойынша да орта балл 75,9 балды құрап, нәтижесінде облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрінді.

"Бізге оқушылардың робототехнологияны меңгеріп қана қоймай оны іс жүзінде көрсете білуі маңызды. Мәселен ауданымыздағы "Отырар Ет-Сүт" кәсіпорнына дайын өнімдерді бөліп, қаптап, арнайы белгілерін жапсыратын заманауи технология қажет. Мен осы сәтті пайдаланып білімге құштар жас ғалымдарымызға тапсырыс беруге дайын екендігімді айтқым келеді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың он маңызды бағытында атап көрсеткендей "Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта, ең алдымен, не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау" деп айта келе білім саласын ерекше назарда ұстап, өзінің тікелей қамқорлығына алуы, оны мемлекеттік даму саясатының өзегі деп қарауы білім саласына артылған сенім мен жауапкершіліктің жоғары екендігін айғақтайды. Ендеше білім мен ілімнің қайнар көзі, тәлім мен тәрбиенің алтын тұғыры болған ұстаздар қауымын айшықты жолда аянбай еңбек етуге шақырамын", - деді аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов

Ұстаз деген ұлы есімге кір келтірмей, шәкірт тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп жүрген бір топ педагогтер министрліктің арнайы төсбелгілерімен, аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысының сондай-ақ облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.