​ТҮРКІСТАН: Отырарда Мұхтар Шахановтың 80 жас мерейтойы аталып өтті

0
634

Алдымен ақын бастаған бір топ зиялы қауым Арыстабаб кесенесіне зиярат жасап, құран бағыштады.


​ТҮРКІСТАН: Отырарда Мұхтар Шахановтың 80 жас мерейтойы аталып өтті

Бүгін әлемге белгілі ақын, ұлт жанашыры, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойы Отырар ауданында кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Алдымен ақын бастаған бір топ зиялы қауым Арыстабаб кесенесіне зиярат жасап, құран бағыштады. Сонан соң «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының Сапар орталығында музей қызметкерлерімен «Отырар өркениеті және Шаханов шыңы» атты кездесу өтті. Жиында сатирик, журналист Көпен Әмірбек: «Қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанып, оны түрлендіре байыта түскен ақиық ақынның 80 жасқа толған мерейтойы туған жері — Отырардан бастау алуы үлкен құрмет» деп ақынды құттықтады. Ал музей директоры Жангелді Махашов: «Жыр әлемінде өз ойы мен шындығын жүйелі көркем тілде, ақындық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен жырлаған ақынның еліміздің тәуелсіздігі мен ана тілі үшін қосқан еңбегі орасан. Ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлғаның 80 жасқа толуына орай музей қызметкерлерімен кездесуі біз үшін бір ғанибет» дей келе, дара тұлғаға шапан жауып, сый-сияпат табыстады. Кездесу соңында ақиық ақын қонақтарға ақ батасын берді.
Отырар ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен мәдени шара бұдан әрі аудандық мәдениет сарайында жалғасын тапты. Әлемге танымал ақынға аудан тұрғындары ақбоз ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Сахна төрінде Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазім кешті жүргізіп отырды. «Алтын домбыра» иегері, белгілі айтыскер Бекарыс Шойбековтың арнауымен басталған жиынға Қуаныш Айтаханов, Құлбек Ергөбек, Көпен Әмірбек, Жеңісбек Мәуленқұлов, Қазыбек Иса, Әлімжан Құртаев, Серікжан Сейітжанов, Ханбибі Есенғарақызы, Қалима Жантөреева, Бекжігіт Сердәлі сынды ел азаматтары қатысты. ҚР Мәжіліс төрағасынан, Қызылорда облысы әкімінен және еліміздің әр аймағынан келген жедел құттықтаулардан соң сөз алған Түркістан облысы мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев жылы лебізін білдірді. Ал Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан облыс әкімінің құттықтау хаты мен сый-сияпатын жеткізді. Мерейтой кеші Хадиша Шалабаева бастаған әншілердің өнеріне ұласты.