ТҮРКІСТАН: Отырарда зейнетке шыққан ұстаздар қызыл кілеммен жүріп өтті

0
1 839

Зейнетке шыққан ұстаздар үшін ерекше кеш ұйымдастырылды.


ТҮРКІСТАН: Отырарда зейнетке шыққан ұстаздар қызыл кілеммен жүріп өтті

Отырар ауданы зейнетке шыққан ұстаздарға ерекше құрмет көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ғалым да, әкім де алдында бас иген бір топ ұлағатты ұстаздарға отырарлықтар ерекше құрмет көрсетіп, зейнеткерлік демалысқа шығарып салу кешін өткізді.

Өздеріне арнайы төселген қызыл кілеммен жүріп өткен ұстаздарды қолдарына алқызыл гүл шоқтарын ұстаған шәкірттер мен аудан әкімі Ерлан Айтаханов құрметпен күтіп алды. Мұнан соң ұстаздар мен қонақтар Мәдениет сарайының фойесінде ұлағатты жандардың өмірі мен жетіктерінен сыр шертетін көрмені тамашалады. Мектеп оқушылары жыр-шумақтарынан шашу шашып, үлкен құрмет көрсеткен шарада «Арман» атты сахналық қойылымы сахналанды.

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Ұлы Абай айтқандай тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым ізет көрсеткен. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген. Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғам баланың тәрбиесін мұғалімдерге артып қойды. Бүкіл ұрпақ тәрбиесін ұстаздарға сеніп тапсырып отырмыз. Сондықтан ұстаздарымыз қандай құрметке болса да лайықты жандар. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында ұстаздарымыздың мәртебесін көтеру мақсатында Үкіметке «Педагог мәртебесі» туралы Заң жобасын дайындау керектігін тапсырғаны ұстаздар үшін ерекше серпін берді», деп өз құттықтауын жеткізген Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов зейнет демалысына шыққан 24 ұлағатты ұстазға алғыс хаттар мен сый-сияпаттар тапсырды.

Мерекелік шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, әуезді әндер шырқалып, жалынды жастар мың бұрала би биледі.