ТҮРКІСТАН: Отырардың үздік спортшылары марапатталды

0
668

Қос палуанға ат мінгізді.


ТҮРКІСТАН: Отырардың үздік спортшылары марапатталды

Отырар ауданында жылдың үздік спортшылары марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесі аясында ауданымыздағы спорт саласының үздіктері марапатталды. «Оқсыз» спорт кешенінде өткен марапаттау жиынында аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов пен аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов құттықтау сөз сөйлеп, республикалық, халықаралық жарыстарда ауданымыздың абыройын асқақтатып, еліміздің намысын қорғап жүрген спортшыларға сәттілік тіледі.


«Спорт ең біріншіден тәртіпке, екіншіден, мақсатқа қол жеткізуге үйретеді. Әрқайсыңыздың алдыңызға қойған мақсаттарыңыз бар. Соның ішінде спортшылардың ең басты мақсаты – әлемдік додаларда жеңіске жетіп, еліміздің көк байрағын биікке көтеру. Осы жетістікті бағындыруды, дәл сол сәттегі қуанышты сезінуді әрқайсыңызға тілеймін», - деген аудан әкімі бір топ азаматтарға алғыс хаттарды табыстады.


Аудан әкімі мен мәслихат хатшысы Ресейдің Уфа қаласында Белбеу күресінен өткен әлем кубогында +100 келі салмақ дәрежесінде ІІ орын алған Жолдасбек Бектұрсынов пен жаттықтырушысы Ерлан Қыдырбаевты және осы әлемдік додада 62 келі салмақ дәрежесінде ІІ орын алған Қалмұхан Тұрмағанбетов пен жаттықтырушысы Нұржан Пердебековті арнайы құттықтап, сый-сияапат жасаса, жерлестері қос палуанға ат мінгізді.

Сондай-ақ, ауданда бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында мектеп мұғалімдері мен оқушылары арасында аудандық спартакиада ұйымдастырылған. Аудан әкімінің кубогы сарапқа салынған сайысқа аймақтағы негізгі және орта мектептердің спортшылары қатысып, бақтарын сынаған. Тартысты өткен ойында негізгі мектеп оқушылары арасында Ә.Байтанаев негізгі мектебі бірінші орынды иеленсе, Ергөбек және Сырдария негізгі мектептері екінші және үшінді орындарды қанжығасына байлады. Ал, мектеп мұғалімдері арасындағы сайыста М.Шаханов атындағы жалпы орта мектебінің ұстаздары І орын, С.Әлиев атындағы жалпы орта мектебі мен С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімдері ІІ және ІІІ орындардан көрінген.


Сонымен қатар, оқушылар арасындағы бәсекеде Отырар жалпы орта мектебі І орын, Т.Ибрагимов атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары екінші және Темір жалпы орта мектебінің оқушылары үшінші орынға лайықты деп танылды.