​ТҮРКІСТАН: Полиция департаментінің бастығы тұрғындардың мәселелерін тыңдады

0
2 157

Қоғамдық қабылдау барысында облыс тұрғындары жеке мәселелері бойынша арыз-шағымдарын айтып, шешілмей жүрген мәселелерін жеткізді.


​ТҮРКІСТАН: Полиция департаментінің бастығы тұрғындардың мәселелерін тыңдады

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков тұрғындарды қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сайрам ауданынан келген Тойшыбек Есболатов екі азаматтың ұрып кеткендігі жөнінде шағымданса, Достан Азатбеков қылмыстық іс әрекеттің көпке созылып жатқандығына тоқталды. Ордабасылық Қойшыбай Әріпбай мал ұрлығының мәселесін көтерсе, түркістандық Гауһар Жакелова ақшасын алдап алған адамдарға шара көруді сұранды.

Көп балалы, әрі жалғыз басты ана Айман Маханбетова дос құрбысына банктен 1 млн теңге несие алып беріп, төлемей жүргендігін айтты. Әрі туыстары үйіне келіп қорқытып, қоқаң-лоқы көрсеткендігіне араша сұрады.

Қабылдау барысында кадрлық мәселелерде көтерілді. Сарыағаш қаласының тұрғыны Тәліпбай Оразов Астана қаласындағы полиция департаментінде еңбек ететін ұлының қызметін Түркістан облысына ауыстыру жөнінде өтініш берді.

Қабылдаудың жүріп жатқандығын тікелей эфирдегі әлеуметтік желі арқылы хабардар болып, арнайы келгендерде болды.
Қайрат Сұлтанбайұлы тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселелерді мұқият тыңдады. Әрбір арыз-шағымға кең көлемде жауап беріп, кеңесін айтты. Кей мәселелердің шешілуін өз бақылауында ұстайтындығын сөз етіп, арнайы жазып алды. Орынбасарларына тапсырма беріп, алдағы уақытта назарда ұстайтындығын жеткізді.

"Бүгін біршама мәселер бойынша облыс тұрғындарының арыз-шағымдарына жауап бердік. 11 адам қабылдауға келіп, қылмыстық істер бойынша, кадр жайында, көпке созылған, шешімін таппай жатқан қылмыстық істер жөнінде шағымдары мен өтініштерін айтты. Басым бөлігіне жауап бердік, ал қалғанын алдағы уақытта зерделеп толық жауабын береміз. Жалпы, полиция департаментінде фронт – офис жұмыс жасайды. Онда да кез келген азамат, өз мәселелерін айтып, арызын беруге толық мүмкіндігі бар", – деді Қ.Дәлбеков.

Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың шағымдары «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауына алынды.

Аз ғана уақытта билік пен бұқараны тоғыстыратын алаңға айналып үлгерген «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдауы алдағы уақытта да жалғасын табады.