ТҮРКІСТАН: Президент жолдауына облыс ардагерлері үн қосты

0
1 682

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Әкелер мектебін» құру ұсынылды.


ТҮРКІСТАН: Президент жолдауына облыс ардагерлері үн қосты

Түркістан қаласы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің кеңейтілген төралқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған жиынға ардагерлер ұйымының мүшелері, қала, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, басқарма басшылары және зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысып, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауы талқылады және «Әкелер мектебін» құру туралы мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған тарих ғылымдарының кандидаты, ОҚМПУ-ң «Рухани жаңғыру орталығының» басшысы Қайрат Анарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауы Елбасы бастамаларының жалғасы екендігіне тоқталып, ерекшеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ, Сайрам аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Байназар, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев, еңбек ардагерлері Әбдішүкір Сапарбеков пен Мәлік Мұратбекұлы жарыссөзге шығып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды және сөз соңында Жолдауды ел ішінде жан-жақты насихаттау мақсатында қаулы қабылданды.

Сонымен қатар, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов уақыт талабының қажеттілігіне қарай Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Әкелер мектебін» құратындығын хабарлай келе, көпшілікке мектептің ережесін таныстырып, мақсаты мен міндетін айтып берді.

Тиісінше, ардагерлер бұл бастаманы қолдайтындығын жеткізіп, ойларын ортаға салды. Егер, «Әкелер мектебі» ашылса, отбасылық құндылықтар сақталып, алдағы уақытта жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға себеп болғалы тұр.