ТҮРКІСТАН: Рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр

0
694

Анықталған кемшіліктер бойынша дәріхана иелеріне ескерту қағаздары жазылып, кемшіліктерді тез арада жою қатаң талап етілді.


ТҮРКІСТАН: Рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр

Түркістан облысында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кентінің дәріханаларында санитарлық талаптардың сақталуын талап ету, дәрi-дәрмек тапшылығының алдын алу, дәрі құнының шектік бағадан асып кетпеуін қадағалау және негізсіз қымбаттауына жол бермеу секілді өзектi мәселелерді шешу мақсатында рейдтік тексерулерді бастаған «Жетісай Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесі жанынан құрылған жұмысшы топ Жетісай қаласында орналасқан дәріханаларды аралады. Әрбір дәріхана басшыларымен тілдесіп, індетке қарсы дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізілуінде қолбайлау болып отырған мәселелерімен танысты. Оның шешілу жолдарын ақылдасты. Оған қоса, егу бөлмелерін көріп, санитарлық нормалардың, маскалық режимнің, емделушілер арасында арақашықтықтың қатаң сақталуын бақылап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ, дәріханаларда емделушілерге бірінші кезекте қажетті, көп сұранысқа ие дәрілердің тізімін жасап, дәрі жетіспеушілігі шешімін табатынын айтты.

«Біздің мақсатымыз – біреудің жұмысынан мін тауып, жазалау емес. Дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің қымбаттауына жол бермеу, тапшы болып отырған дәрілерді жеткізуге атсалысу. Карантиндік режимнің бұзылмауына ықпал ету», - дейді «Жетісай Адалдық Алаңы» кеңсесінің жетекшісі Мұхтар Бейсенбаев.

Айта кетейік, аудан орталығында жүргізілген рейд барысында санитарлық тазалығы сақталмаған, кассалық аппараты жоқ дәріханалар және де карантиндік режим талаптарын орындамаған қызметкерлер, кейбір дәрілердің шектік бағадан тым қымбат екендігі анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша дәріхана иелеріне ескерту қағаздары жазылып, кемшіліктерді тез арада жою қатаң талап етілді.

«Мұндай рейдтік шараларды ескертусіз күнде жасап отырамыз. Ендігіде кемшілік жіберген дәріханалар айыппұл төлейтін болады», - дейді топ мүшелері.