ТҮРКІСТАН: Рухани астана мәдениет орталығына айналып келеді

0
426

Десе де, мәдениет саласында атқарылатын жұмыстары әлі де көп.


ТҮРКІСТАН: Рухани астана мәдениет орталығына айналып келеді

Түркістан – көне заманнан бері күллі түркі халқының рухани астанасы әрі мәдени орталығы болғандықтан, бұл салада көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Тиісінше, бүгінде облыс халқына 678 мәдениет және өнер мекемесі қызмет көрсетіп жатыр. Оның 387-сі кiтапхана, 251-і клуб, 24-і музей, 3-еуі кәсіби театр, 7-еуі саябақ болса, 2 орталық, облыстық филармония, көркемсурет галереясы, «Оңтүстікфильм» мекемесі және «Түркістан сарайы» концерттік мекемесі.

Сонымен бірге, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне байланысты 12 облыстық мәдениет және өнер мекемесі Шымкент қаласының қарамағына берілген. Одан бөлек, облыс құрылғаннан бастап, халықтың отандық және әлемдік мәдениет туындыларына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында төрт республикалық, жиырма жеті облыстық деңгейдегі, сонымен бірге, жалпы клуб мекемелерінде 13 мыңға жуық, кітапханаларда 16 мыңнан астам, музейлерде 821, жалпы 30 мыңға жуық іс-шара өткізіліпті. Осы орайда, өңірдегі мәдениет саласында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтсек.


ТЕАТР БАҒЫТЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ІС МОЛ

Атап өтер болсақ, 2018 жылы облыстағы кәсіби театрларда 11 жаңа және 759 ағымдағы спектакль қойылып, 135 мыңға тарта көрермен қамтылған. Ал, 2019 жылы облыстық үш кәсіби театрда 10 жаңа, 702 ағымдағы қойылым ұсынылып, көрермендер саны 130 мыңға жуықтаған. Мәселен, облыстық опера және балет театрында Ж.Бизенің «Кармен» операсы, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты» трагедиясы, А.В.Вампиловтың «Тұман сейілген түн» мелодрамасы, Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрында М.Әуезовтың «Қараш-Қараш» драмасы, В.Краснагоровтың «Эксперимент» драмасының премьералары өткен. Сондай-ақ, Атырау қаласында өткен Рахымжан Отарбаевтың ІІI Республикалық театр фестиваліне облыстың екі бірдей театры қатысып, Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театры жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Ал, 2020 жылы облыстық опера және балет театры Шымкент қаласына беріліп, қалған 2 кәсіби театрда 8 жаңа қойылым сахналанған. Атап өтсек, әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай, Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрындаШ.Құсайыновтың «Әбу Насыр әл-Фараби» драмасы, Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында М.Әуезовтың «Жас Абай» драмасының премьералары өткізілді.

Сонымен қатар, аталған театрлар Е.Жуасбектің «Терең тамырлар» аллегориялық драмасын, Р.Ибрагимбековтың «Аққудың көз жасы» драмасын, Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» ертегі фантазиясын, Е.Аманшаевтың «Бесік жыры» трагикомедиясын, Ә.Байболдың «Әріптер әлеміне саяхат» ертегісін, А.Коровкин мен Р.Ибраеваның «Тәтелер» комедиясын ел назарына ұсынған. Одан бөлек, карантиндік шектеулерге байланысты 148 онлайн іс-шара ұйымдастырылып, 77 мыңнан астам қарылым жинапты.


2021 жылы жаңадан Түркістан музыкалық драма театры ашылғасын, кәсіби театрлар саны үшке жетіп, 8 жаңа қойылым сахналанған. 3 театрда ағымдағы 327 қойылым сахналанғанымен, карантиндік шектеулердің салдарынан көрермен саны 42415 қана болыпты. Десе де, сол жылдың қорытындысы бойынша Түркістан музыкалық драма театры «Жылдың үздік мәдениет және өнер мекемесі», Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрының режиссері Қуандық Қасымов «Жылдың үздік режиссері» атанып, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының әртісі Жадыра Атақаева «Жылдың үздік әртісі» номинациясына қол жеткізді.

Ал, өткен жылы кәсіби театрларда 5 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы588 спектакль қойылған. Тиісінше, көрермендер саны 2021 жылмен салыстырғанда 60 пайызға артып, 103859-ға жеткен. Бұл көрермендерді спектакльмен қамту көлемінің де, халықтың театрға деген қызығушылығының да артқанын аңғартады.


Былтырғы жылдың жетістіктері бұл ғана емес. Олай дейтін себебіміз, 2022 жылы Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры мен Түркістан музыкалық драма театры халықаралық, республикалық театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізсе, «Бөрте» қойылымы театр саласы бойынша тұңғыш «UMAI» Ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды.



КОНЦЕРТ САЛАСЫ

2018 жылы облыстық филармония мен «Түркістан сарайы» концерттік ұйымында 373 концерт және мәдени іс-шаралар өткізіліп, 158 319 көрермен қамтылған екен. Осы орайда, «Жаһандық заманауи Қазақстандық мәдениет» бағыты бойынша облыс өнерпаздары «Кастамону – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында Түркия Республикасының Кастамону, Анкара, Ыстамбұл қалаларында, Жапония мен 6 бірдей балкан мемлекетіндегі концерттерге қатысқанын атап өту қажет. Сонымен қатар, түркістандық өнерпаздар Финляндия, Швеция, Эстония, Ресей, Италия, Грузия, Түркия, Молдова, Қырғызстан елдерінде өткен түрлі жанрдағы халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

«Түркістан» сарайының «Фараб» би ансамблі Түркия мемлекетінің Иниголь қаласында өткен халықаралық «Мәдениет және өнер ұжымдары» конкурсында І орынға қол жеткізсе, Бурса қаласында өткен 32-ші халықаралық «Алтын Қаракөз» конкурсында арнайы жүлдемен марапатталды.


Сондай-ақ, 2019 жылы өңір өнерпаздары Түркия, Германия, Бельгия, Ресей, Қырғызстан елдерінде өнер көрсетіп қайтты. Ақтөбе қаласында өткен «Жұбановтар әуені» Халықаралық фестиваль-байқауында «Сүгір» атындағы оркестр І орынды, «Тұмар» фольклорлық ансамблін республикалық «Көне Тараз күмбірі» этно-фольклорлық ансамбльдер байқауына қатысып ІІ орынды иеленді. Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында Ташкент қаласында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Тұран - достық бастауы» концерті халық назарына ұсынылды. 2020 жылы филармония жанынан құрылған «Сүгір» атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі «Үздік көркемөнерпаздар ұжымы» номинациясының иегері атанды.


2021 жылы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Италия мен Өзбекстанда Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның көркемөнер ұжымдары мен әншілері Рим, Ташкент қалаларында концерт қойып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ал, 2022 жылы филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Италия елдерінде өнер көрсетті.

Ал, биылғы жылға филармония ұжымы аудан, қалаларға, ауылдық елді мекендерге гастрольдік іссапар жасап, Түркістан қаласында «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні», «Ән, жырым саған-Түркістан» атты гала-концерттер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.



КИНО САЛАСЫ

Түркістан өңірін таныту мақсатында танымдық кинолар да жарыққа шығып келеді. Мәселен, 2018 жылы «Оңтүстікфильм» мекемесі «САҚ» киностудиясымен бірлесіп, «Ордабасы бірліктің туы», «Оқсыз», «Түркістан» анимациялық фильмдерін, «Төле би» атты 10 сериялы тарихи телехикаяны түсірген. Ал, 2020 жылы «Түркістан құпиялары» деректі фильмі көрермендер назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Әл-Фарабидің ән әлемі» деректі фильмі, Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Әнмен өрнектелген өмір», «Шәмшімен сырласу» бейнефильмдері, Түркістан облысының 2 жылдығына орай «Түрленген Түркістан» бейнефильмі, «Адамдықты іздеген адамсымақтар» және «Түркістан екі дүние есігі ғой...» қысқаметражды фильмдері түсірілген. Одан бөлек, «Күш атасы − Қажымұқан»,«Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» сынды анимациялық фильмдер мен «Көне жетігеннің сыры» телесериалы облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында және жергілікті телеарналар мен «Хабар», «Асыл арна» телеарналарынан көрсетілді.


ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРА НЫСАНДАРЫ

2018 жылы Түркістан облысында тарих және мәдениет үшін маңызы зор 1200-ден астам археология және сәулет ескерткіштері болған. Оның ішінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесі халықаралық маңызы бар ескерткіш болып саналса, одан бөлек, республикалық маңызы бар 26 , жергілікті маңызы бар 426, алдын-ала есепке алу тізімінде 796 тарихи-мәдени мұра объектілері.

Ал, 2019 жылы мұндай нысандардың саны 1663-ке және 2020 жылы 1700-ге жеткен. Сонымен қатар, 2021 жылы тарихи-мәдени нысандар саны 1767 болса, былтыр бұл тізімге тағы да өзгеріс енгізіліп, 1782 тарихи-мәдени мұра объектілері есепке алынған. Демек, бұл сала дамып, ел тарихына жаңа нысандар қосылып жатыр деген сөз.



ОНОМАСТИКА

Қазіргі таңда, өңірде тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар мен қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларына алмастыру, сондай-ақ объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беруге мейлінше шектеу қою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мәселен, ономастикалық сараптау жүргізу арқылы 2018 жылы 17 елді мекеннің, 17 көше мен 2 мектептің атауы идеологиялық тұрғыдан ескіргендігі анықталып, 1 ауылдық округтің, 4 елді мекеннің, 2 шағын ауданның, 19 мектептің пен 368 көшенің атаулары өзгертілген. Ал, 2020-2021 жылдар аралығында идеологиялық тұрғыдан ескірген 14 елді мекеннің, 9 көше мен 2 мектептің атауы ҚР Президенті Әкімшілігінен келісілген «Тарихи тұлғалар» тізіміндегі тұлғалар және тарихи жер-су атауларымен алмастырылған. Одан бөлек, 121 көшеге, атауы жоқ, нөмірленген және атауы қайталанатын 30 білім беру мекемелері мен 3 кітапханаға жаңа атау беріліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

Сонымен қатар, Шошқакөл көлінің тарихи атауы қайтарылып, Жетікөл көлдер жүйесі болып қайта аталды.

Алдағы уақытта идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау туралы 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын орындау мақсатында облыстағы атаулары идеологиялық тұрғыдан ескірген 3 елді мекен мен 8 көшенің атауын ұлттық танымға жақын дәстүрлі және тарихи жер-су атауларына алмастыру жұмыстары жүргізілетін болады.


Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы бері 5 жыл ішінде көптеген өзгерістер орын алып, түркі жұртының рухани астанасы түлеп сала берді. Десе де, мәдениет саласында атқарылатын жұмыстары әлі де көп.