ТҮРКІСТАН: Сайрам ауданында 100 гектарды құрайтын қарқынды бау егу ісі қолға алынды

0
1 472

Қарқынды бау-бақша мен жеміс-жидек өсіру ісі ауыл шаруашылығындағы ең тиімді бағыттардың бірі саналады. Өйткені бұл жалпы өнділген өнім көлемін еселеп ұлғайтуға септігін тигізе алатын бағыт.


 ТҮРКІСТАН: Сайрам ауданында 100 гектарды құрайтын қарқынды бау егу ісі қолға алынды

«ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы Түркістан облысының Сайрам ауданында жалпы ауданы 100 гектар қарқынды отбасылық алма бағын ұйымдастыру бағыты бойынша 7 ірі инвестициялық жобаны қаржыландырған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған жобаның негізгі мақсаты – Түркістан өңірінде қарқынды алма бақтарының көлемін одан әрі ұлғайтып, оларға тамшылап суару жүйесін енгізу. Сондай-ақ, бау егуге пайдаланылатын негізгі құрал-жабдықтарды қаржылық лизингке беру ісі болатын. Оған көшеттер, қатарлап отырғызу жүйесі, бұршаққа қарсы тор және құрамдас бөліктері жатады. Осы ретте жобаның жалпы құны 2 млрд 097,3 млн. теңгені құрайтынын атап өту қажет.


Қарқынды отбасылық алма бақтарын құруға арналған жердің жалпы ауданы 117,61 гектарды құрайды. Оның 100 гектары қарқынды алма бағын отырғызуға, ал 17,61 гектары инфрақұрылымға яғни, жол салуға, сорғы және сүзу стансаларын орнатуға, тұндырғыш-жинақтағыш, ұңғыма үшін пайдаланылады.


Жоба бойынша ортақ қаржыландыру 209,7 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ, жоба толық іске асқанда 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Аталған жобалар бойынша жабдықтарды және негізгі құралдарды жеткізуші - «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-гі. Аталған компания қызмет ету кезеңінде миллионнан астам көшеттерді жеткізіп беріп, нәтижесінде жалпы ауданы 300 гектардан астам жерге қарқынды бақ егілді. Және бұл серіктестік Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ең ірі ұйымдардың бірі болып табылатын компаниялар тобының құрамына енеді.


Бұл аталған жобаның ерекшелігі сол қарқынды алма бағы пісіп-жетілгеннен соң жылына 4 500 тонна өнім беруге қауқарлы. Отбасылық бақтарда негізінен алма ағашының Гала, Голден Делишес, Фиджи, Гренни Смит сұрыптары көшет ретінде 4 метірде 1метр арақашықтықта отырғызылады.