ТҮРКІСТАН: Сайрамдық көкпаршылар қомақты қаржыны қанжығаларына байлады

0
1 102

Отырар ауданы әкімінің жүлдесіне арналған жастар арасындағы облыстық ашық турнир ұйымдастырылды.


ТҮРКІСТАН: Сайрамдық көкпаршылар қомақты қаржыны қанжығаларына байлады

Түркістан облысы, Отырар ауданында халқымыздың ұлттық ойыны көкпар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Отырар ауданында ұлттық ойынды кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудан әкімдігі мен аудандық ұлттық ат спорты федерациясының ұйытқы болуымен аудан әкімінің жүлдесіне арналған жастар арасында көкпардан облыстық ашық турнир өтті.

Осы күні сондай-ақ қыз қуу мен теңге ілуден ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Биыл үшінші мәрте жалауын желбіретіп отырған дүбірлі додаға облысымыздың Қазығұрттан және Сайрам аудандарынан шабандоздар қатысты.

Ал, көкпарға ауданымыздың атынан екі бірдей командамыз қатысып, намысымызды қорғаған шабандоздар додасына аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов арнайы қатысып, командаларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ облыстық және аудандық ұлттық ат спорты федерацияларының басшылары Нұрмахан Жолдасов пен Төре Ақжігіттер де жылы лебіздерін білдірді.

Көкпарды қорытындылайтын болсақ, көпшіліктің делебесін қоздырған командалық сайыста ауданымыздың бірінші командасы жүлделі үшіеші орынды иеленсе, ақтық сайыста жолдары түйіскен Сайрам және Қазығұрт аудандарының командалары тартысты кездесу өткізіп, нәтижесінде Сайрам ауданының командасы жеңімпаз атанып, әкім кубогін қанжығаларына байлады.
Жарысқа қатысушы командаларға аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов аудан әкімінің арнайы Алғыс хатттары мен қаржылай сый-сияпаттарын тапсырды.