ТҮРКІСТАН: Сарыағаш базарында 1 млн. теңгеден астам ақшасы бар сөмке ұрланды

0
1 036

Оқиға ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеуге алынды.


ТҮРКІСТАН: Сарыағаш базарында 1 млн. теңгеден астам ақшасы бар сөмке ұрланды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысының полицейлері ішінде алтындары бар сөмкені ұрлаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сарығаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, ішінде 1 млн. 200 мың теңгенің алтын бұйымдары, 150 000 теңгеге жуық ақшасы, құжаттары мен косметикалары бар сөмкесін ұрлатып алғанын айтып шағымданады. Белгілі болғандай жәбірленуші орталық базарлардың бірінде кеңсе тауарларын сатумен айналысады. Ағымдағы жылдың 7-қазан күні түскі уақытта сауда қатарында тұрған сөмкесі ұшты-күйлі жоғалып, арызданушыға ірі мөлшерде залал келеді.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді. Ұрлық жасаушыларды ұстау мақсатында, тез арада Сарыағаш АПБ КПБ қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, оқиға орнына келді. Қажетті деп танылған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Жақын аймақтарды аралап шығып, қасындағы көрген-білгендерден сұрастырып, базар ішінде орналасқан бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде бейнебақылау камералары арқылы ұрлықты 4 ер азамат жасағаны анықталды, олардың біреуі –Шымкент, қалғандары – Тараз қаласының тұрғыны болып шықты. Күдіктілердің жеке-бастары анықталып, 1 күдікті Шымкент қаласындағы өз үйінен, дәл сол күні ұсталды. Екінші күдікті Тараз қаласынан ұсталды. Қалған күдіктілерге іздеу жарияланды.

Полицейлердің анықтауынша күдіктілер жәбірленушінің сөмкесін бақылап отырып, иесі және бөгде адамдар қарамай тұрған сәтте жасырын ұрлаған. Және қолма-қол ақшаға сатып үлгерген. Ақшаны өзара бөліскен. Бүгінгі таңда күдіктілердің екеуі қамауда. Қазіргі таңда таңда тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өздеріңіздің бағалы заттарыңызға сақ болыңыздар. Сөмкелеріңіздің аузын жауып және қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Ұрылардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.