ТҮРКІСТАН: Сарыағашта өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылды

0
952

Жұмыссыздықты жою, өндіріс орындарын ашу, әкелер мектебін жандандыру сынды тақырыптар қозғалды.


ТҮРКІСТАН: Сарыағашта өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылды

Сарыағаш ауданында «Парасат» пікірталас клубының алғашқы жиыны өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында «Amanat» партиясының аудандық филиалы жанынан құрылған «Парасат» пікірталас клубының алғашқы отырысы өтті. Клубтың алғашқы басқосуында аудан әкімі М.Отаршиев төраға болып сайланып, жиынды жүргізіп отырды.


«Парасат» пікірталас клубынының негізгі мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтып, пікірталас алаңында жан-жақты талқылау, шешу жолдарын қарастыру. Ауданның белсенді азаматтары мен саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету.


Жиынға аудандық мәслихат хатшысы С.Тасқұлов және «Amanat» партиясының Сарыағаш аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қ.Қыстаубаев, аудандық мәслихат депутаттары мен жастар, ауданның ардагерлері, қоғам белсенділері, қоғамдық ұйым мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.


Отырыс төрағасы тарапынан клубтың келесі отырысына жастар тәрбиесі, сыбайлас жемқорлықты жою, ауыл шаруашылығы және медицина саласындағы өзекті мәселелер бойынша ашық диалог жүргізу ұсынылды. Сонымен қатар алда өтетін отырыстардың төрағасын тақырыпқа сәйкес сайлау мәселесі талқыланды. Клуб мүшелері де белсенділік танытып, түрлі салаға қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты. Атап айтсақ, еркін форматта жүргізілген басқасуда клуб мүшелері жастар арасында жұмыссыздықты жою үшін өндіріс орындарын ашу, әкелер мектебін жандандыруды, әлеуметтік мәселелер және тағы да басқа ұсыныстарын айта кетті.


Жиын соңында келесі отырыста «Жастар тәрбиесі» мәселесі қаралатыны бір ауыздан клуб мүшелерімен мақұлданып, кезекті отырыстың төрағасын сайлады. Алдағы уақытта клуб отырысында аудан көлеміндегі өзекті мәселелердің шешілу жолдары қарастырылып, кез-келген салада орын алып жатқан түйткілдер пікірталас алаңында ашық талқыланып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Клубқа мүше болғысы келетін немесе өз ойын айтқысы келетін азаматтар 2-72-72 номеріне хабарласып, толық ақпарат ала алады.